Қышыма ауруы адамнан адамға жылдам жұғады

фото opennews.kz

Тері жұқпалы ауруларының бірі – қышыма. Оны қышыма қотыр кенесі таратады. Қоздырғыш адамның терісіне жұққан сәттен-ақ өзіне «жайлы орын» жасай бастайды. Ұрғашысы адамның терiсiне енгеннен кейiн жылдам көбейеді, яғни терiге жұмыртқа салады. Бірер күннен кейін онысы құртқа айналып, бір аптадан соң ересек қотыр кенелер пайда болады.

Қышыма қотыр адамнан адамға жылдам жұғады. Әсіресе отбасы мүшелеріне тез тарайды. Яғни қышымамен ауырған адаммен тiкелей қарым-қатынаста болғанда, сондай-ақ олардың пайдаланған төсек–орындарын, iш киiмдерiн, киiм-кешектерiн, сүртінетін орамалдарын, жөкелерiн, және басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады. Қышыма кененің әрекетінен денеде қотыр пайда болады. Ауруды кез келген жерден жұқтырып алуыңыз мүмкін.  Қышыма қотыр жұқтырған адамның денесінің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, әсiресе түнде қатты қышиды. Терiнi үнемi қасығанда оған микробтар түсiп, қышымаға терiнiң iрiңдi жұқпасы қосылып, ауру әрi қарай асқынып кетедi. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен, саусақ аралықтарынан, тіпті тұла-бойдан да байқалады. Адам денесінде қотырдың ізі қалып, ұсақ бөртпелер көбейіп кетеді.  Қышыманың бөрткені алақаны мен саусақтарының арасында, қарнына, шынтақтың бүгілетін тері қатпарына, балтырына, өкшесіне табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына беті және басына шығады. Емшек жасындағы сәбилердің көбінесе алақаны мен құйрығының ұшына, беттеріне шығуы мүмкін. Тері ауруларының белгісі байқала салысымен-ақ дер кезінде дәрігерге көрініп, нәтижелі ем қабылдау қажет. Қышымаға қарсы арнаулы емдi терi ауруының дәрiгерi ғана жүргiзедi. Ауырған адам өзiн-өзi емдеуге болмайды Ең бастысы науқас тұтынған заттардағы паразиттің көзін жою керек. Қотыры бар адам дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе, ол созылмалы ауруға айналады. Қотыр, әсіресе, кешке қарай, жылы киінген кезде қатты қышиды. Қышынған адам денесін қасып қанатып та алады. Ол қанаған жер асқынып, іріңдейді.  «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, ең алдымен адам таза болу керек. Апта сайын суға түсіп, іш киімін жиі ауыстыру керек. Әсіресе біреудің киім-кешегі мен заттарын пайдаланғаннан аулақ болыңыз.Қышыма қотыр жұқтырған адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттары өзге отбасы мүшелерімен араластырылмай, жеке ұстаған дұрыс. Кірлеген киімдерді де бөлек жинап, бөлек жуған жөн. Науқасқа күтім жасағаннан кейін немесе оның жатқан жерін жинастырған кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуу керек. Моншаға, душқа түскен кезде отыратын орындықты, сабын, сусабын, ысқы қоятын сөрелерді және жуынатын кіршені ыстық суға хлор араластырып жуған дұрыс. Біреудің жуынатын заттарын пайдаланбаңыз. Әр адамның жеке сүлгiсi және жөкесi болғаны жөн. Жаңадан сатып алған киiм-кешектi, iш киiмдi және төсек жаймаларын мiндеттi түрде үтiктеген дұрыс.

Дерматомикоздар – тері саңырауқұлақ қоздырғышы арқылы туындайтын инфекциялық ауру  болып табылады. Бұл негізінен тері және  оның қосалқыларын,  яғни шаш, тырнақты, сирек жағдайда басқа ағзалар мен тінді зақымдайды.

Тері саңырауқұлақтардың негізгі қоректену ортасы -адам мен жануар. Олар өмірге қажетті қоректену заттарын- эпидермис, шаш, тырнақ, және тер-  майдан табады. Саңырауқұлақтар адам немесе  жануардың ағзасынан тыс жерде  өмір сүру  қабілеттілігін және жұғымтал қасиетін бірнеше жылдар бойы сақтай алады, сол себептен жұғу тек қана ауру адамнан емес, сонымен қатар тікелей емес жолмен құрамында саңырауқұлақ элементі бар- қабыршақпен, тырнақ  қалдықтары немесе шаш  сынықтарымен  тұрмыстық жағдайда жұғуы мүмкін.

Трихофития (лишай, таз аурулары)- адам үшін өте қауіпті ауру болып саналады. Инфекция көзі- ауру  адам және  үй  жануарлары (ірі қара мал). Трихофитон туындысы саңырауқұлақпен  шақырылып, адамның терісін, бастың шашты бөлігін және тырнақ пластинкасын зақымдайды. Ауру жануарды кутумен және ауру адаммен  тікелей  қатынаста немесе киім, тұрмыстық заттар (бас киім, жүнді жаға, тарақтар, төсек жабындысы, ойыншықтар) арқылы жұғады.

Инфекция көзі- ауру адам, «тері теріге» принципі бойынша жыныстық  қатынас арқылы да  жұғады.

Егер сіз  осы аурудың симптомдарына  күдіктенсеңіз, онда мына шараларды орындау қажет:

  1. Сау адамдарды, аурудан оқшаулау керек, себебі қоршаған ортаға өте жұқпалы ауру  болып табылады.
  2. Дененің басқа бөлімдері зақымданбауы үшін, ошақты сулауға, ванна не душ қабылдауға болмайды.
  3. Өздігімен ошақты (әртүрлі маймен, кремдермен немесе басқада заттармен жағуға) емдеуге болмайды, себебі микроскопиялық анализде (саңырауқұлақшаға қырнау) дұрыс талдау  бермейді. Егерде өздігімен емделген жағдайда, майды немесе кремді сабынмен жуып, не спиртпен сүртіп, алдыңғы 3-4 күн ішінде ошақты суламай, ештеңе жақпай, бірден дерматолог-дәрігеріне, мүмкіндігінше аурумен қарым- қатынаста болған адамдарды қарауға алып келу керек.

Медициналық көмекке дер кезінде қаралмауы және өздігімен емделу  аурудың асқынуына әкелуі мүмкін! Өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер, аман болыңыздар!

А.А.Асанбаева,

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының

санитариялық эпидемиологиялық бақылау

басқармасының бас маманы