Belgrade winner – Еуропадағы ең көне жарыстардың бірі. Биыл 62-ші мәрте ұйымдастырылған турнир Раковица спорт орталығында өтті. Бұл жарыс дәстүрлі түрде әлем чемпионаттары сияқты ірі халықаралық жарыстарға дайындалудың маңызды кезеңі.
Қазақстан құрамасынан жарысқа 15 былғары қолғап шебері қатысып, оның 13-і жүлдемен елге оралды. Сол қатарда Түркістан облысының Сайрам ауданынан барған Нұрғиса Тұрабек 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Сербиядан Чемпион болып оралған Нұрғиса Тұрабекті жерлестері ерекше ықыласпен күтіп алды. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов еліміздің көк туын желбіреткен спортшыға алғыс білдіріп, арнайы сыйлығын ұсынды.
– Елдің атын әлемге танытатын спорт пен мәдениет екені сөзсіз. Ауданымыздан өзіңіз секілді азаматтар шығып, еліміздің намысын әлемдік ареналарды абыроймен қорғауда. Сізге аудан әкімінің атынан алғыс білдіре отырып, алдағы жарыстарда сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Нұрғиса Тұрабек Сайрам ауданындағы Ақсу жекпе-жек спорт клубының түлегі. Алғашқы бапкерлері Рашид Лапаев пен Еркін Оразалиев. Осылайша, «Belgrade Winner» турнирінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынға жайғасты. Боксшыларымыз 8 алтын, 4 күміс, 1 қола медальге ие болды. Аталған турнир спортшыларға өз дайындықтарын пысықтап, алдағы әлем чемпионаттарына әзірленуге тамаша мүмкіндік берді.