Биыл Шымкентте заңсыз салынған 10 бизнес нысаны бұзылады. Олардың ішінде “қызыл сызықта” бой көтерген және құрылыс талаптары ескерілмей, рұқсат құжаттарынсыз салынған ғимараттар бар.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандары Ж.Адырбеков көшесі, 18 шағын ауданы мекен-жайдағы жеке кәсіпкер К.А.Егембердиеваға тиесілі құрылыс нысанына тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде, кәсіпкердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне қатысты заңнама талаптарын бұзғаны анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316 бабы 1-бөлігі, 321-бабы және 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы талап арыз қанағаттандырылып, бүгін 2 қабатты ғимарат бұзылуда.
Қала аумағындағы заңсыз құрылыстарға қатысты 115 құрылыс нысаны бойынша 286 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтырғы жылы сот шешімімен 4 құрылыс нысаны бұзылған. Биыл 8 құрылыс нысанын бұзу туралы сот шешімі қабылданған, сот шешімдерінің орындалуы сот орындаушылардың қарауында.