Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторлары жанұялардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмысын жалғастыруда.
Департамент бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың сөзінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші айында отбасылық дебоширлерге қатысты 700-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылғанын айтты. Бұл шаралар зардап шеккендерді қорғауға ғана емес, болуы мүмкін ауыр қылмыстардың алдын алуға да ықпал етеді. Құқық қорғау органымен берілген нұсқама агрессорды отбасы мүшелерінен уақытша алшақтатады және зорлық-зомбылық құрбандарымен байланысқа түсуге тыйым салады, сәйкесінше олар қауіпсіздік пен өмірін қалпына келтіруге мүмкіндік алады.
– Бөлім қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидатын алға қойып, зорлық-зомбылық жайттарының алдын алу мақсатында тұрақты рейдтер жүргізеді. Профилактикалық жұмыстар бұл қызметте өте маңызды, өйткені қылмысқа қарсы күрестің тиімді жолы профилактика болып табылады, – деп атап өтті полиция полковнигі.
Полицейлер тұрмыстағы заң бұзушылықтарды анықтаудан бөлек, жәбірленушілерге көмек көрсететін мекемелермен тығыз байланыста болып, отбасы мүшелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізеді және зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді.