Жүрек-қан тамырлары аурулары бүкіл әлемде өлім-жітімнің негізгі себебі болып келеді. Дерттің әсіресе инфаркт миокарды мен инсульттың асқынған түрлері жастар арасында белең алуда. Дәрігерлер мұны дұрыс тамақтанбау, зиянды энергетикалық сусындар мен физикалық белсенділіктің төмендігі, темекі шегу және алкогольді тұтынумен байланыстырады.
Шымкент Жүрек орталығының дәрігерлері өз кезегінде жүректің ишемиялық және өткір коронарлық синдром ауруларында науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсету арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімнің алдын алуға септігін тигізуде.
Білікті кардиохирургтар күні кеше өміріне қауіп төнген 39 жастағы науқасты аман алып қалды. Пациент ауруханаға өткір инфаркт миокард диагнозымен түскен. Ангиографиялық бөлімінің меңгерушісі Исабек Керімқұлов оған күрделі ота жасап, зақымдалған қан тамырларын стенд орнату арқылы қалпына келтірді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы және дәрігерлердің бақылауында болады.
Мәліметке сүйенсек, ангиографиялық бөлімде жүректің ишемиялық аурулары мен өткір миокард инфарктісінде жылына 5000-нан астам адамға жүрек ауруларында коронаграфия жасау отасы яғни, қан тамырларының бүтіндігін зерттеу әдісі мен зақымдалуы кезінде стент орнату операциялары жасалуда. Күрделі ота дертке шалдыққан азаматтар үшін қолжетімді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылуда.