Шымкентте үшем дүниеге келді

4

Шымкентте 2025 жылдың алғашқы үшемі дүние есігін ашты. 22 жастағы ана 2 ұл мен 1 қызды дүниеге әкелді. Батыр ананы дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алған. Үшемге Әбілқайыр, Айлана және Альтаир есімдері берілді. 1 айға жуық перзентханада жатқан нәрестелер бүгін үйге шығарылды.

Шымкентте жас ана дүниеге үшем алып келді. 22 жастағы келіншек 34 аптада босанды. Екі батыр мен 1 арудың қазіргі жағдайы жақсы. Батыр ана жүктілігінің де, босанудың да жеңіл өткенін айтады.

Жамиля Ақылбек, үшемнің анасы: «Басында сенген жоқпын. Бірінші УЗИ-да айтты, 4 аптада білдік. Балалардың жағдайы шүкір жақсы бәрі, менің де жағдайым жақсы. Бәріне рахмет, өте жақсы қарады».

Келіншекті дәрігерлер кесарь тілігімен босандырып алған. Нәрестелердің қазіргі салмағы 2770, 2410 және 2095 грамм. Олар бірнеше күн жансақтау бөлімінде, кейін патология бөлімінде жатқан. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын туған сәбилердің жағдайы бірқалыпты. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге ерекше күтім жасалған.

Шолпан Тастанбекова, №2 қалалық перзентхананың акушер-гинекологы: «Бұл кісі патология бөлімінде жатты. Мерзіміне байланысты планды түрде оперативті жолмен босанды. Жағдайлары қазіргі таңда жақсы».

Сураие Шадиметова, №2 қалалық перзентхананың неонотолог-реаниматологы: «34 аптасында дүниеге келді. Бірінші бөпенің салмағы 2380, екіншісі 1925, үшіншісі 1860 болды. Мерзімінен ерте туылғанына байланысты жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде 5 күндей ем қабылдады. Кейін жағдайының жақсаруына байланысты патологиялар нәресте бөліміне ауыстырдық».

Мұқановтар отбасында үлкен қуаныш! Бұл әулеттегі алғашқы үшем. Баланың анасы ғана емес, барлық туысы қуанып әрі қобалжып жүр.

«Менен бақытты адам жоқ шығар. Қобалжып тұрмын. Қуаныштымын, бәріне рахмет! Қолғабыс беріп, қол ұшын созған дәрігерлерге рахмет! Барлығына бұйырсын, осындай бақыт, осындай қуаныш!», — дейді үшемнің әкесі Ерболат Мұқан.

Үшемге Әбілқайыр, Айлана және Альтаир есімдері берілді. Балаларға ат таңдауда жақындары ұзақ ойланыпты. Айта кетейік, Бұл 22 жастағы жас ананың алғашқы жүктілігі.