«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы республикалық маңызы бар екінші қалада жаңа туған нәрестелерге қойылатын ең танымал есімдердің рейтингін жасады. Қыз балалар арасында үздік үштікке Адия-Бегім, Медина және Сафина есімдері кірсе, ұл балалар арасында Ақжүрек, Балмейір және Мұрагер есімдері ең көп қойылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» филиалының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында 3 мыңнан астам ата-ана туу туралы куәлікті онлайн форматта рәсімдесе, 958 өтінім ХҚКО арқылы берілген.
«Онлайн қызметтердің енгізілуі туу туралы куәлікті алу процесін едәуір жеңілдетті. Бүгінде ата-аналар құжатқа өтінішті проактивті түрде, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да бере алады. Сонымен қатар, қызметті дәстүрлі тәсілмен – ХҚКО арқылы алу мүмкіндігі де сақталған. Бұл мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі», – деді АХАТ басқарма басшысы Ақбота Карнакбаева.
Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының мәліметінше, 2024 жылы ХҚКО арқылы 10 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік берілген, ал 36 мыңнан астам құжат онлайн форматта рәсімделген.
Сондай-ақ, Шымкентте туу туралы куәлікті салтанатты түрде табыстауға арналған «Салтанат залы» жұмыс істейді. Мұнда АХАТ қызметкерлерінің қатысуымен баланың алғашқы құжатын мерекелік жағдайда тапсыру рәсімдері өтеді.