Қалалық мамандандырылған әкімшілік соты шымкенттіктердің қандай мәселелерге қатысты сотқа жиі жүгінетінін айтты. Алғашқы бестікте жер, салық даулары, мемлекеттік сатып алу, сот орындаушылардың дөрекі әрекеттері мен мемлекеттік қызмет көрсету саласы бар. Өткен жылы тергеушілердің әрекетіне шағым айтып, қайта сотта қарауға қатысты 700-ден астам шағым түскен. Электронды бақылау білезігін тағатындар саны да көбейген.
Шымкенттіктер көбіне жер дауы, салық, мемлекеттік қызмет көрсету, сот орындаушылардың әрекеті және мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелермен сотқа жиі жүгінетін болып шықты. Мұндай санаттағы істер мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына келіп түсетін даулардың 74 пайызын құрайды екен.
Нұрдәулет Рахынбаев, Мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы: «Жеке және заңды тұлғалардан сотқа түскен талап-арыздардың басым көпшілігі мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне дау айту туралы. Яғни, қала әкімідігінің және оның ведомстволарына қатысты 613 әкімшілік талап қою арызы келтірілген».
Өткен жылы қалалық мамандандырылған тергеу сотына қылмыстық процестік кодекстің 106 бабы бойынша, прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібіне қатысты 709 шағым түскен. Көп жағдайда күдіктілер мен жәбірленушілер тергеушінің әрекетіне қатысты шағым айтады.
Сержан Айнабеков, Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы: «Қылмыстық-процестік кодекстің 106-бабына сәйкес 709 шағым келіп түскен. Оның көп мөлшері қараусыз қалдырылып отыр. Үйіне тінту жүргізіледі, жүргізілген тінтуді заңсыз деп тап деп шағым беріп жатады, тергеушіге жәбірленуші, күдікті, көп жағдайда күдікті сараптама тағайында дейді. Негізсіз бас тартады тергеуші, сол кезде тергеушінің әрекетіне шағымдана алады негізсіз деп».
Тергеу сотының шешімімен қабылданатын бұлтартпау шаралары да бар. Мәселен, 2024 жылы 948 адамға күзетпен ұстау шарасы қолданылса, 20 адам үйқамаққа алынған.
Сержан Айнабеков, Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы: «Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының саны 1247 өтініш хат келіп түскен, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 144 өтініш хатқа көбейген. Оның ішінде қанағаттандырылғаны 948. Үйқамақ бойынша 27 өтініш хат келіп түскен, оның 20-сы қанағаттандырылған».
Өткен жылы 37 адамға электронды бақылау құрылғысы тағылған. Бақылау білезігін тағатындар саны биыл артып отыр дейді төраға. Тіпті 10-ға жуық жасөспірім электронды құрылғының «иесі» атанған.
Сержан Айнабеков, Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы: «2025 жылдың екі айында 53 электронды бақылау құрылғысы қолданылып жатыр. Әсіресе оны жиі қолданатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі, ҰҚК және экономикалық тергеп-тексеру департаменті жиі қолданады. Жасөспірімдерге де үйқамақ қолданамыз. Жасөспірімдердің ішінде де 10 шақты тұлғаға электронды бақылау құрылғысы қолданылады».
Жалпы 2024 жылы мамандандырылған тергеу сотына 9285 іс келіп түскен. Бұл 2023-пен салыстырғанда 1767-ге көп.