Шымкенттегі мопед иелері заңнамадағы өзгерістерге қарамастан өз көлік құралдарын есепке қоюға асықпайды. Әкімшілік полицияның мәліметі бойынша, ресми түрде тек 303 мопед тіркелген. Бірақ олардың қала бойынша нақты саны айтарлықтай жоғары. Автокөлік сарапшылары жол қозғалысы ережелерін білмеу және сақтандырудың болмауы — қозғалыс қатысушыларына кері әсерін тигізіп, жол-көлік оқиғаларының санын көбейтеді,- дейді
Шымкентте мопед иелері көлік құралдарын тіркеуге асықпайды. Әкімшілік полицияның мәліметінше, қазір барлығы 303 мопед есепке алынды. Ал олардың нақты саны бұдан бірнеше есе жоғары. Тіпті Шымкент жолдарында жүретін скутерлердің нақты санын қазір тап басып ешкім айта алмас.
Асқар Жүзжасаров, Шымкент қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы: «Бұл көлік құралы еш жерде тіркелмеді. Қай жерде сатылады, сол жерден әркім қалауынша алып, мініп жүрді. Сол себепті нақты ақпарат жоқ. Бірақ бізде Шымкент қаласында қызмет көрсететін орталықтарға тіркелген мопедтердің санымен есептегенде, мыңға жуықтайды. Сәуірден кейін мотокөліктер көлік құралы ретінде жол жүру ережесін бұзып, тіркелмеген жағдайда айып тұрағына қойылып, айыппұл салынатынын ескертеміз».
Құқық қорғау органдары ережелерді енгізу қарсаңында арнайы ХҚКО-ларда сонар кезек туғызбау үшін қазірден тіркеуге тұруға шақырады. Мопедтер механикалық көліктерге теңестіріледі. Жүргізушілер жол ережелерін автокөлік жүргізушілерімен бірдей сақтауға және бұзушылықтар үшін жауап беруге міндетті болады. Бұл жаңалық мопед жүргізушілері арасында тәртіпті арттыруға ықпал етеді дейді шенділер.
«Мопед айдайтындар кесіп өтеді, Осыдан екі апта бұрын өзім куә болдым, жаяу жүргіншілер жолында сағатына 25-30 км. жылдамдықпен өтті. Бұл өте қауіпті».
«Мопедтер жақсы, адреналиннің бөлінуі. Бірақ кейбіреулер ережелерді бұзады, тротуарларда жиі жүреді».
«Мопедтерді басқаратын жастар өте көп, олар жолдарда жүреді, бұл қауіпті!».
АВТО-Сарапшылар мопед жүргізушілерінің жол ережелерін білуі маңызды дейді. Өйткені, екі доңғалақты көліктен зардап шеккендер саны артып келеді. Жүргізушілердің өздері ғана емес, үшінші тұлғалар да зардап шегеді.
Алексей Алексеев, автосарапшы: «Қаза тапқандар саны өсті. Скутердегілер қалай болса солай, қалаған жерімен жүреді, көліктердің арасымен, жаяу жүргіншілер өткелдерінде. Қауіпті жағдайлар туғызатыны рас. Олардың арасында жол қозғалысы ережелерін білмейтіндер де кездеседі. Мопедті басқаратын адам өзге де көлік жүргізушілері мен жолаушыларға қауіп төндірмеуі керек. Скутер иесінде куәлігі, сақтандыру полисі болуы шарт».
Полиция деректеріне сүйенсек, Шымкенттегі орын алатын жол-көлік оқиғаларының 5 пайызы мопед тізгіндегендердің қатысуымен себеп болады екен.
Шынар Оразова