Бүгінде Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың ауданда жасыл белдеу қалыптастыруға қатысты берген тапсырмасы аясында қала, кент, барлық ауылдық округтерде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жуырда аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы Әлмештің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен коммуналдық сала басшыларынан атқарылған жұмыстардың есебін сұралды, алдағы жоспарлары таныстырылды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетовтың мәліметінше өткен жылдың күз және биылғы жылдың көктем мезгілдеріне облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан берілуі жоспарланған 46 300 дана көшеттің 23 300 данасы «Жетісай қызмет» мекемеміне жеткізілген. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен тағы 1000 дана көшет алынып, көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Көктем айларында Республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолы мен облыстық маңызы бар үлкен жол бойларын көгалдандыру мақсатында 4,4 шақырымды құрайтын аумақты қоршау, Жылы су, Қазыбек би, Мақталы, Ынтымақ ауылдық округтерінің суландыру жүйелеріне 8 дана су сорғы насостарын алу, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы штат бекіту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жол бойларына 23 000 дана көшет отырғызылатын болады.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен жылы ауданда 35 сенбілік өткізілсе, биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып 1186 шақырым жол бойлары мен 1285 дана белгіленбеген қоқыс орындарын жою, 24 286 дана ағаштар мен 34 705 шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй қасбеттерін, 31 дана аялдаманы әктеп-сырлау, 71 шақырым аяқжолдар мен 26 га саябақтарды, 6 га скверлерді, 125 056 шаршы метр үйіргелік жерлерді, 242 шақырым каналдар мен арық-атыздарды, 170 дана көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелері мен 28 дана спорт алаңшаларын, 30 шақырым ирригация жүйелерін тазалау, 14 дана балалардың ойын алаңшаларын ретке келтіру жоспарланып отыр.
«Тұрғындардың санитарлық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру мақсатында халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен жеке, көппәтерлі тұрғын үй секторлары иелеріне, кәсіпкерлерге тиісті түсіндірме жұмыстарын күшейтуіміз керек. Әрбір азамат өзіне тиесілі аумақтың алдындағы 5 метр радиусты таза ұстауға, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаушы мекемелермен келісім-шарт жасауға міндетті.
Баршамызға ортақ талап пен тәртіпке мойынсұнғысы келмейтін азаматтарға заң аясында қаралған барлық тәртіптік шараларды көруді ұсынамын» деді Нұркен Серікұлы.
Табиғаттың, қоршаған ортаның тазалығы бірінші кезекте жер бетін мекен еткен әрбіріміз үшін маңызды. Ал, тазалықтың сақталуы – денсаулықтың кепілі екені айтпаса да түсінікті.