Тараз қаласы әкімінің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті

фото ТҚӘБҚ
Тараз қаласының аумағы кеңейіп, жаңадан екі аудан құрылғанынан жұртшылық хабардар. Енді қазіргі міндет – осы аудандардың жұмысын жүйелеп, тірлігін тіктеу. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы мәселе күн тәртібіне көтеріліп, талқыға түсті.
Жиында ең әуелі «Әулиеата» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Медет Нұрмаханов баяндама жасап, елді мекендегі қазіргі ахуалмен егжей-тегжейлі таныстырды.
– Аудан жалпы 5 аумақтық округтен тұрады. Халық саны 273 376 адамды құраса, жер көлемі 14 535, 9612 гектар.
Ауданда 44 мектеп, 45 балабақша, жоғары оқу орындарының 7 ғимараты, 16 колледж, 4 аурухана, 10 емхана, 5 жекеменшік медицина орталығы және 8 спорт мектебі бар. Бұдан бөлек, 997 көпқабатты үй, 6 сквер, 9 демалыс саябағы, 20 полиция тірек пункті, 1 полиция департаменті, 1 полиция басқармасы және 1 полиция бөлімінің ғимараты орналасқан.
Қазіргі таңда «Әулиеата ауданы әкімінің аппараты» КММ-нің штаттық саны мен құрылымы қалыптасуда.
Сонымен қатар Жамбыл облысының Әділет департаментінен заңды тұлға үшін электронды қолтаңба және аудан бюджетін қалыптастыру үшін Жамбыл облысы бойынша Қазынашылық департаментінен электронды қолтаңба кілттері ашылып алынды.
«Әулиеата» ауданына Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Қызыл Жұлдыз алаптары енгізілген. Аталған елді мекендердегі кітапханалар Тараз қаласындағы Абай атындағы кітапханасына өткізілсе, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар Тараз қаласының мәдениет үйінің балансына берілді. Шайқорық дәрігерлік амбулаториясы, Қоңыртөбе медициналық пункті, Бектөбе және Қызыл Жұлдыз дәрігерлік амбулаторияларын Тараз қалалық №5 емханаға өткізу жұмыстары жүргізілуде, – деген аудан әкімінің міндетін атқарушы одан әрі асыраушы салаға тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Әулиеата» ауданына өткен елді мекендерден ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 693,3 гектар болса, оның ішінде егістік жерлер – 2581,3, суармалы жерлер – 1878, тәлімі – 598, көпжылдық екпелер – 34 және жайылым 1278,0 гектарды құрайды.
Мал шаруашылығына келетін болсақ, қала аумағына қосылған елді мекендерден жалпы 70 024 мал басы қосылып, «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне өзгерістер енгізу бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетін болады.
Мемлекет тарапынан алынған ауылшарушылығы мақсатындағы несиелер «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5% пайызбен (Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе) елді мекендерден 4 тұрғын құжат өткізіп, оның ішінде 1 жылыжай, 1 шырын өңдеу цехы, 2 тігін цехы құжаттары толық қабылданып, 29,1 млн. несие алынды.
Сондай-ақ қала аумағына 3 қойма және 1 мал бордақылау алаңы өтті. Қоңыртөбе алабындағы «TRZ агро» ЖШС тарапынан жоба құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын 12 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысы мен мал бордақылау және сою алаңының құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда, – деді Медет Сәбитұлы.
Бұдан кейін «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Данаев сөз алып, елді мекеннің бүгіні мен ертеңін баян етті.
– «Жібек жолы» ауданының аумағы 17 157,7388 гектарды құрайды.
Ауданның әкімшілік ғимараты Жалпақтөбе алқабы, Юнчи көшесі, №3 мекенжайында орналасқан. Ғимарат 1979 жылы салынған, 2 қабатты, ауданы 382,1 шаршы метр.
«Жібек жолы» ауданының құрамына Жамбыл ауданынан Жалпақтөбе, Сұлутөр, Кемел, Түрксіб, Ақбұлым елді мекендері, Байзақ ауданынан Талас және Талас станциясы қосылып, жалпы халық саны 243 487 адамды құрады, – деген Ержан Әлімжанұлы Тараз қаласына қосылған әлеуметтік нысандар мен ауыл шаруашылығы саласындағы бірліктерді де тілге тиек етті.
– Жоғарыда аталған елді мекендерден 6 мектеп, 5 мемлекеттік, 6 жеке меншік балабақша, 1 мәдениет үйі, 6 денсаулық сақтау мекемесі, 1 спорт мектебі Тараз қаласының аумағына қосылды. Ал ауыл шаруашылық саласы бойынша 572 шаруа қожалық, 60 көкөніс сақтау қоймасы, 2 жылыжай кешені және 10004 бас мүйізді ірі қара, 1834 бас жылқы, 26055 бас ұсақ мал, 4 мал сою мен бордақылау алаңдары «Жібек жолы» ауданының құрамына кірді.
Қазіргі таңда аудан бойынша 11 шағын аудан, 9 тұрғын алқап, 29 саяжай, 495 көше, 253 бұрылыс, 38609 тұрғын үй, 207 көп қабатты, 221 кондоминум көппәтерлі үйлері бар. Олардан бөлек 64 мекеме, 18 өнеркәсіптік кәсіпорындар, 68 білім беру, 24 денсаулық сақтау, 4 мәдениет ошағы және 28 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетуде.
Алдағы уақытта жаңадан құрылған «Жібек жолы» ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай күш салатын боламыз, – деді Ержан Данаев.
Жаңадан құрылған аудан әкімдерінің міндетін атқарушыларды мұқият тыңдаған қала әкімі оларға бірқатар тапсырмаларын берді. Атап айтсақ, Бақытжан Әмірбекұлы ең алдымен екі ауданды құрудағы мақсат халықпен жұмысты оңтайландырып, бұқараның базынасына құлақ түру екенін ескертті.
Ал аудан әкімдерінің міндетін атқарушылардың ең алғашқы жұмысы елді мекендерді көгеріштендіруден басталмақ. Сондай-ақ қайталанатын көше атауларын бір ретке келтіру кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені бұл жедел жәрдем, өрт сөндіру сынды құрылымдық мекемелердің жұмысын қиындататыны анық. Сондықтан қала әкімі осы айтылған мәселелерді тез арада шешуді аудан әкімдері мен жауапты сала мамандарына тапсырды.
Аппараттық кеңесте бұдан бөлек 1 наурыздан бастап екі айлық сенбілік науқанын жариялау, Алғыс айту, 8 наурыз, Әз Наурыз мерекелерін тойлауға дайындық барысы, тұрғын үй мен жол құрылысы, қазына қаржысын тиімді игеру сынды мәселелер де қаралып, сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.