Теміртапшылығы анемиясының алдын алуда тағамға фортификацияланған ұнды пайдаланудың маңыздылығы: Бүгінгі күні барлық ұн тарту зауыттарында темір тапшылығы анемиясының алдын алу мақсатында фортификацияланған ұн әзірлейді.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байытуға (фортификациялауға) жатады.
Бұл мәселені шешу үшін көптеген елдерде жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын жетіспейтін компоненттермен нығайту (байыту) темір тапшылығы анемиясының алдын — алу әдістерінің бірі ретінде қолданылады. Бұл әдіс арзан, жылдам және тиімді. Фортификация кезінде ұнға витаминдер мен минералдар (темір, мырыш, фолий қышқылы және В тобындағы витаминдер) қайтарылады, олар тартылған кезде жоғалады, ал қосылған элементтер тағамдық қасиеттерді арттырады, бірақ ұнның түсіне, дәміне, иісіне әсер етпейді.
Адамның денсаулығына қаупі бар мәселелердің бірден-бірі — ол тағамдағы темір және фолий қышқылы сияқты витаминдер мен минералдардың жетіспеушілігі себебінен болатын теміртапшылығы анемиясы.
Темір мен фолий қышқылы жетіспеушілігі анемиясы бар әйелдер аз салмақтағы балаларды жиі босанады, шала туу, күтпеген түсік қаупі артады. Ересектерде жүрек-тамыр, иммундық, эндокриндік, жүйке және басқа жүйелердің функциялары бұзылады. Күш-қуаты мен төзімділіктің әлсіреуінен жұмыс істеу қабілеттілігі төмендейді. Жас балалардың дене бітімі дамымай жетілмейді және имммунитеті әлсіреп, індетке қарсылығы нашарлайды.
Темір тапшылығы анемиясының алдын алу мақсатында асқа фортификацияланған ұнды пайдалануды ұсынады.
М.Б.Асқарова,
Шымкент қаласы Тұран ауданы