Төлеби ауданында 100 жоба іске асып, 633 жұмыс орны ашылады

39
фото ТАӘБҚ
 Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен іске асатын жобалар талқыланды.
2025 жылы жеке инвестиция есебінен 100 жоба іске асып, оның құны 17,9 млрд теңгені, ашылатын жұмыс орны 633-ты құрайды деп жоспарлануда.
 Ауыл шаруашылығы саласында: балық және құс шаруашылығын дамыту, тамшалытып суару әдісін қолдану, жеміс-жидекті өңдеп, саумалмен сауықтыру орнын іске қосу бағытында 40 жобаның құжаты әзірленуде. Сондай-ақ, өсімдік майын өңдеу, мал бордақылау алаңшасы, сүт өңдеу тауарлы сүт фермасын ашу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша: 60 жоба қаралып, 392 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауданда 2025 жылы 2 шағын су электр станциясы, 2 балабақша, минералды су цехы мен 2 емдік сауықтыру орны, 4 спорт кешені, 2 техникалық қызмет көрсету, 6 тамақтану орны іске қосылады деп күтілуде.
 Жиында аудан әкімі Мемлекет басшысы инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтауды, оларды жоюды жүктегенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, инвестициялық жобаларды арттыруды тапсырды. «Басты мақсатымыз – инвесторлармен ашық диалог орнатып, кәсіпкерлікті дамытуға кедергілер болса, бірлесе отырып заң аясында шешу», деп жиынды түйіндеген аудан басшысы бұл саладағы жұмысты жандандыру қажеттігін айтты.