Тұран ауданы тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту деңгейі биыл 60,2 пайызға жетеді. Ал аудан халқы келер жылы сапалы ауыз сумен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылмақ. Аудан көшелеріне асфальт төсеу жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Тұран ауданының әкімі тұрғындармен кездесуінде баяндады.
Ақжар шағынауданының тұрғындары стадион салып беруді сұрайды. Сөздерінше, бұрынғы футбол алаңы сатылып кеткелі, аумақта спортпен шұғылданатын орын жоқ. Тұрғындар кездесуге келген Тұран ауданы әкімінінен мәселені шешіп беруді сұрады.
«Бізге стадион керек балаларға, осы елдімекенге. Бұрынғы стадион кетті сатылып. Сол стадионды қарастыруларыңызды сұраймын», — деді тұрғын.
«Жерлерді ПДП бойынша нақтылау жоспарланған. Осы маңдағы жерлердің барлығы қазір жекеменшіктің қолында. Бірақ, әлеуметтік нысандар салынатын болғаннан кейін ПДП жасау барысында бір стадион, яғни спорт зал жоспарланып тұр, ол рет-ретімен салынады», — деп жауап берді Спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Ақжарға салсақ, ол Ақтас, Ақтас 1 деген сияқты бірнеше елдімекенге ортақ болып салынады. Ол алдағы 2-3 жылда жасалатын жұмыстар. Биылға Ақжарда 4 спорт алаңшасы салынады. Ол барлық елдімекенде салынады».
2026 жылы Тұран ауданында ауыз су мен табиғи газ мәселесі толық шешіледі. Ал кәріз жүйесімен қамту деңгейі 60,2 пайызға жетіп отыр. Биыл аудан көлемінде 59 көшеге асфальт төселеді. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 80 пайыздан 93,1 пайызға жетеді.
Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Қазіргі таңда Құрсай шағынауданы су тарту мәселесі жаңа құрылыс аумағында қазіргі таңда энергетика басқармасы тарапынан қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Айкөл шағынауданындағы жұмыстар 2025-2026 жылға жоспарланып отыр. Сол кезде Тұран ауданы ауыз су мәселесі бойынша 100 пайызға шығамыз».
Биыл ауданда екі жерге гүлзар, бір орынға сквер салынады. 5 көшеге ирригация жүйесін салу жоспарланған. Сондай-ақ аудан аумағында 18 балалар, 13 спорт алаңшасы салынбақ.