Шымкентте қылмыс саны артып отыр. Тізімде ұрлық пен алаяқтық көш бастап тұр. Өткен жылы ауданаралық қылмыстық сотта 2600-ден астам іс қаралды, оның жартысына жуығы мүліктік қылмыспен байланысты. Алайда, бұл жалғыз проблема емес. Есірткінің заңсыз айналымы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар саны да артып келеді.
Шымкенттіктер көбінесе ұрлық пен алаяқтық жасайды. Өткен жылы ауданаралық қылмыстық сотта 3 мыңға жуық адамға қатысты 2626 қылмыстық іс қаралды. Оның 500-ден астамы ұрлықпен байланысты болса, ал 590 адамға қатысты 545 қылмыстық іс алаяқтық фактілері бойынша қозғалды. Сонымен қатар, есірткі саудасымен байланысты қылмыстар да көбейген.
Айнель Орақбаева, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Есірткі құралдарына қатысты істер соңғы кезде өршіп бара жатыр. Бұл қылмыстық кодекстің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз жұмыс істеу, сақтау, иемдену істері бойынша».
Өткен жылдың маусым айынан бастап қылмыстық құқықбұзушылық санатына отбасылық-тұрмыстық бұзушылықтар мен зорлық-зомбылық енгізілді. Өткен жылдың соңғы жарты жылында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа осындай 206 іс келіп түсті.
Айнель Орақбаева, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша бізде жалпы көбінесе қамаққа алу жазасы тағайындалып жатыр. 80 пайызы. Ал қалған фактілер бойынша сотталушы әйел азаматы болса, оған айыппұл жазасы тағайындалып отыр».
Басқа да ауыр қылмыстардың саны да артып келеді. Зорлауға байланысты қылмыстар бойынша 7 адам, сексуалдық сипаттағы зорлық – зомбылық әрекеттері үшін 4 адам сотталған. Сонымен қатар, ұрлық көбейіп келеді, оның ішінде «қыз алып қашу» да бар. Өткен жылы 9 адамға қатысты 4 қылмыстық іс тіркелді.
Айнель Орақбаева, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы: «Өткен жылдың маусым айынан бастап, жаңа баптар қосылды – отбасылық, тұрмыстық қатынастағы қылмыстар бойынша ҚК 108-бабы-1 бойынша, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ҚК 109-1 бабы бойынша ұрып соғу. Аталған істер бойынша 211 тұлғаға қатысты, 6 айдың ішінде қылмыстық іс түсті».
Өлімге кеп соққан, немесе денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтірген жол-көлік оқиғаларының саны да артқан. Мұндай жағдайлар көбінесе алкогольге, есірткіге мас күйінде немесе көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің рөлге отыруы салдарынан болған. Олардың басым бөлігіне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының да саны өсуде. Өткен жылы 143 адамға қатысты 77 іс тіркелді. Бір қызығы, қаржыны көбінесе мектеп бухгалтерлері жымқырған.
Самидин Темірәлиев, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар бойынша былтырғы жылы 3 іс қаралды. Оның негізгі бөлігі Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты. Бірі қала әкімінің орынбасары Исахов қатысты қылмыстық іс, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Тіленшинге қатысты, одан бөлек Сиқымбаевтар, жеке тұлғаларға қатысты қылмыстық істер қаралып, барлығы аяқталып, барлығына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған».
Кейбір сотталушылар басқа қылмыстарды ашуға өз серіктестерін ұстап беру арқылы ықпал етеді, бұл оларға жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы «есірткі жасырғаны» үшін ұсталған жас жігіт сотқа көмек көрсетіп, есірткі таратумен айналысатындарды ұстап берді.
Сәбинұр Қарабаев, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «Оның нұсқауы бойынша есірткі зертханасы табылды. Өткен жылы есірткі зертханалары бойынша бізде 3 іс қаралды, психотроптық заттардың көп мөлшері тәркіленді».
Еске салайық, 7 наурыздан бастап есірткі тасымалдаушыларды жазалауға қатысты заңнамадағы өзгерістер күшіне енеді. Енді олар үшін жеңілірек жаза қарастырылады.