Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген қанатты сөз бар. Осыны берік ұстаным еткен ел Үкіметі соңғы бірер жылдың бедерінде өңірлерді көріктендіріп, тал-дарақтарды отырғызуды мықтап қолға алды. Бүгінде бұл бағытта Тараз қаласында да айшықты жұмыстар атқарылып келеді.
Алайда, шаһарда осы іске немқұрайлы қарап, табиғатқа зиян келтіретін азаматтар әлі де кездеседі. Соның бір дәлелі – бүгін Абай көшесі, №168 үй маңындағы жол бойында заңсыз тал кесу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Бұл бойынша қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан учаскелік және экологиялық полиция қызметкерлеріне хабарланды.
Солардың жедел әрекет етуінің нәтижесінде 3 тал тиелген «Камаз» автокөлігі айыптұраққа тоғытылып, заңсыздыққа жол берген тұрғын тергеп-тексеру мақсатында учаскелік бөлімге жеткізілді. Енді аталған іс бойынша тиісті сараптама жасалып, материалдар сотқа жолданады.
Жоғарыда аталған мекенжайға арнайы барған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те өз сөзінде барлығы заң аясында шешімін табуы қажеттігін баса айтып, алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермес үшін кешенді шаралар қабылдау жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.