Жамбыл облысында биыл 660 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

фото ЖОӘБҚ
Жамбыл облысында наурыз айының орта тұсында көктемгі дала жұмыстары басталады. Маңызды кезеңді ұйымдасқан түрде өткізу мақсатында материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайындалып, агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары бақылауға алынды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов хабарлады.
 2024 жылы 488,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. 647 мың тонна тәтті түбір жиналып, 597 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді.
 Қайрат Көшеновтің айтуынша, өткен жылы ауа райының қолайлы болуы, шаруалардың агротехникалық шараларды жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің арқасында жалпы өнім көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті.
— Соңғы 4 жылда 25 мың гектар алқаптан 650 мың тонна өнім жиналса, бұл өнімге фермерлер 1 жылдың ішінде қол жеткізіп, рекордтық өнім алды, – дейді ол.
 Биыл 660 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру (2024 ж. — 626,7 мың гектар) жоспарлануда. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 33 мың гектарға көп.
 Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 55 мың тонна тұқым, 7 317 дана ауыл шаруашылығы техникасы дайын тұр.