Шымкентте 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек орнатылған. Оталар соңғы 5 жыл ішінде қаладағы жүрек орталығында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін жасалған. Орталық дәрігерлері таяу күндері 68 жастағы тағы бір науқасқа жасанды жүрек орнатып, аман алып қалған болатын.
Шымкентте 20-ға жуық адамның жүрегі жасанды құрылғымен соғып тұр. Солардың бірі – 67 жастағы Әбдіхашым Исабаев. Ол бірнеше жыл бойы Өткір жүрек жетіспеушілігімен күрескен. Дәрігерлер оны аман алып қалудың жалғыз жолы – нағыз жүректі технологиялық құрылғымен алмастыру екенін айтыпты.
Әбдіхашым Исабаев, науқас: «Ентігіп 3 жылдан бері түнімен ұйықтай алмайтын едім. Күндіз жүрсем, жүре беремін. Түнде ентігіп жататын едім. Қазір ентігім басылды. 1-2 күнде шығарамыз деп жатыр. Басқа еш айтарым жоқ. Ақ халатты абзал жандарға, Қазақстанымызға рақмет айтамын. Осындай тірлікті бір тиын алмастан мемлекеттің есебінен істеп беріп жатқанына мыңда мың рақмет»
Бұл құрылғы – науқастың өмірін жалғап тұрған нағыз «жүрек моторы». Ол қан айналымын тұрақтандырып, жүректің қызметін толық атқарады. Дегенмен «жасанды жүрек» орнатылған пациент енді үнемі арнайы сөмкемен жүруі керек. Өйткені оның ішіндегі сымдар жасанды жүрекке жалғанған, ал құрылғы арнайы батареялар арқылы қуатталады.
Бағдәулет Ерланұлы, VAD-Координатор: «Бұл помпа қайта басқа органдарға қан тасымалдайды. Қан тасымалданбай қалса, бауыр, жүрек, миымызға қоректік заттар жетпей қалады. Ал бұл аппарат қайта жеткізеді. Ешқандай басқа органдарға зиян келмейді»
Жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастарға жаңа мүмкіндік сыйлайтын бұл құрылғының құны 70 млн. теңгеден асады. Дегенмен, бұл күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалады. Осылайша науқастар толыққанды өмір сүріп, жүрек трансплантациясын күте алады.
Раушан Тастемірқызы, ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының бөлім басшысы:
«Қажеттілік туындаған кезде ол жоспарлы түрде болсын, шұғыл көрсетілім бойынша ауруханаға түсетін болса, онда сол қызмет маған қолжетімді болады. Сондықтан да оны қазір сізге жасамаса, дәл қазір соған қажеттілік туындап отырған адамға жасалынып жатады. Ертең оған қажет болған кезде сол қызметті бұған дейінгі түскен жарналардың есебінен тегін алуға мүмкіндігі бар»
Айта кету керек, былтырғы жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы 1500-нан астам жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілген.