Жасөспірімдердің туу көрсеткіші 1,5 есеге артқан

20
Photo: Рixabay/Pexels

Соңғы 5 жылда елімізде жасөспірімдердің туу көрсеткіші 1,5 есеге артқан. Ерте жүктілікке ұшырағандардың саны ауылдық жерде көбейген. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп айтты. Сенат депутаты бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Сөзінше, репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу керек. Бұл тұрғыда медицина мамандары мен психологтар не дейді? 

«Жас қыздарды зорлау мен қорлау көбейіп, салдарынан ерте жүкті болған жасөспірімдер саны өсіп отыр». Осылай деген сенатор Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысына сауал жолдады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенген сенатор, соңғы 5 жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің туу көрсеткіші 1,5 есеге артқанын айтты. Сөзінше, ерте жүктілікке ұшыраған кәмелетке толмағандар саны ауылдық жерде артып отыр.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Кейінгі төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр».

Нұртөре Жүсіптің сөзінше, репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу керек. Сенатор бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Себебі қазіргі жағдай алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық, дейді ол.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл енді медициналық мекемелерде анықталғаны ғана. Ал бала тууға әкелмейтінін ескерсек, бұдан да көп болуы мүмкін. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?!».

Ерте жүктілік пен босану ағзасы даму үстіндегі жасөспірімдердің денсаулығын бірқатар қиындықтарға ұшыратады екен. Бұны мамандар айтып отыр. Балалар гинекологының сөзінше, «абайсызда ана атанған» жасөспірімдерде әртүрлі аурулар ушығуы немесе пайда болуы мүмкін. Мұндай қатер тек жас анаға емес, нәрестеге де төнеді. Көп жағдайда шарана өлі туылады немес ерте дүниеге келеді. Тіпті, туылған соң түрлі асқынулар болуы мүмкін.

Жансая Амангелдиева, Шымкент қаласының штаттан тыс балалар гинекологы: «Ерте босану қаупі бар, қан кету, жүктілік кезіндегі токсикоз, әртүрлі тұқым қуалайтын аурулардың өршуі, қан қысымының көтеріліп кету қаупі жоғары болып саналады. Ал баланың жағдайына келетін болсақ, көбінесе, ерте туу, өлі туу болуы мүмкін. Туылғаннан кейін әртүрлі асқынулар болуы мүмкін балада».

Тек қорлық пен зорлық салдарынан ғана емес, өз еркімен жыныстық қатынасқа түсіп, салдары ерте жүктілікке ұшырап жатқан жағдайлар да жоқ емес. Психологтар бұған көп жағдайда ата-ананың кінәлі екенін айтады. Өйткені біраз ата-ана баланы дүниеге әкелгеннен кейін, оның тәрбиесіне жауапкершілік алмайтын көрінеді.

Ләззат Нұрпейісова, психолог: «Әкенің тарапынан өзіне деген сүйіспеншілікті, әке махаббатын, жылулығын сезінбеген кезде сырттан іздейді қыз баласы. Бұл жерде ең басты нәрсе отбасындағы тәрбие. Қызды сынай беретін болса, «мен әдемі емеспін, мен жақсы емеспін» деген ойда болады, сөйтіп сырттан біреу сыйлық берсе, жақсы екенін айтса, менің жақсы адам екенімді осы бозбала біледі» деп соның әр сөзіне ериді».

Айта кетейік, 2024 жылы ел бойынша 1800 жасөспірім қыз жүкті болып қалған.