Жекеменшік мектеп қызметкерлері 3 айдан бері жалақы алмаған

23
фото: Zakon.kz

Жекеменшік мектептердің 3400 қызметкері үш айдан бері жалақы алмаған. Түркістан облысында 150-ге жуық білім беру мекемесі оқушыларға беретін ыстық тамаққа, оларды тасымалдауға қаражат таппай отыр. Мектеп құрылтайшылары мен ұстаздар мәселені жедел шешуді талап етуде.

Түркістандағы жекеменшік мектептердің бірінде үш айдан бері жалақы алмаған мұғалімдер жұмыстан кетіп жатыр. 3400 қызметкер желтоқсан айынан бері еңбекақысын алмапты.

Анар Әлімбекова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Қазір шотымның барлығы бұғатталып бітті. Несиемді төлей алмай жатқаныма да үш айдың көлемі болды. Бала-шағама тамақ тауып беру қиын болып тұр. Уақытылы төлемегеннен кейін пәтерді босатуын сұрап жатыр. Қыста мен қазір қайда барып тұрамын?»

Балшырын Имантаева, мұғалім: «Мен де пәтерде тұрамын. Күйеуіммен сол айлық үшін жұмыстан шық деген мәселе болып жатыр. Екі балам балабақшада. Олардың да тамақтарының ақшасын төлей алмай, балабақшадан шық деп жатыр. Жолға да ақшамыз жоқ. Тасымалдау көлігімен таңертең амалдап келеміз, қайтамыз. Осылай күн көріп жүрміз«.

Мектеп құрылтайшысы 450 балаға білім беру үшін ай сайын 48 млн. теңге төленіп келгенін айтады. Соңғы екі айда ақша түспегендіктен, қаржыны өз қалтасынан шығарыпты. Енді оны да таппай отырмын дейді.

Зерек Ешмұратов, мектеп құрылтайшысы: «Қазір несие алып, төлеп жатырмыз. Мұғалімдер кетіп жатыр. Біз енді балаларға осы жерде үш мезгіл тамақ береміз. Тасымалдау көлігі деген бар. Ақшамыздың барлығы таусылды«.

Мектеп құрылтайшылары мен ұстаздар мәселені тез арада шешуді талап етуде. Қаражат бөлінбеген жағдайда білім ошақтары жаппай жабылмақ. Ал жауапты мамандардың сөзінше, қаржыландыру тетіктері өзгерген. Яғни бұған дейін 55 мың балаға ай сайын бөлінетін 5 млрд-тан астам қаржы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тікелей төленіп келген. Енді ақша жергілікті басқармаға түсіп, кейін қаржы орталығы арқылы таратылады екен.

«Жалпы, 147 мекемені қаржыландыру керек болған. Бізге жоспар бойынша 92 мекемеге келіп тұр. Қазір тиісті министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдағы он күннің көлемінде бұл мәселелерді шешу үшін толығымен жұмыс жүргізіледі», — деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.а. Жандос Махамбетов.

Жаңа ереже бойынша әуелі соңғы екі айдың ақшасы төленеді. Ал желтоқсандағы жалақы біразға дейін дау болатын сыңайлы. Өйткені қаржы орталығы да, жергілікті басқарма да құрылтайшыларға ақша жоқ деп отыр. Мәселе тек министрлік арқылы шешілмек.