Желі жұлдызына айналған дөнерші атай

Бір көргенде ешқандай айырмашылығы жоқ биік үйлердің арасында орналасқан бұл донер кафесін бұрындары көпшілік біле бермейтін. Алайда мұнда дайындалатын донер бүгінде тек мегапоисте ғана емес елімізге кең танымал астың біріне айналды. Қазір Izmir Döner кафесіндегі үстелдер сирек босайды.

Себебі келушілерддің қатары үзілмейді. Дегенмен осыдан бірер ай бұрын бұл тамақтану орны келушілер сирек бас сұғатын орындардың бірі еді. Шағын ғана донер кафесі қалалықтар арасында аса танымал болмағандықтан, оның иесі, 72 жастағы Мұстафа атай клиенттерді тарту үшін әрекетке көшіп, сырттан адамдарды шақыра бастаған.

TikTok қолданушыларының бірі донердің дәмін татқаннан кейін мұндағы жағдай күрт өзгерді. Донер туралы видео түсіріп, тұрғындарды атаны қолдауға шақырған арудың видеосы әп—сәтте әлеуметтік желіге таралды.

«Ең жақсы донорлардың бірі дәл осы жерде, мен жиі келіп тамақтанамын. Қолдайық бәріміз, қолдауларыңызды аямаңыздар»

Видео тез тарап , миллиондаған қаралым жинады. Ал көп ұзамай кафе қонақтарға толды. Адамдар Мұстафа атаны қиындыққа қалдырмауға шешім қабылдап, мекеменің танымал болуы үшін бәрін жасады. Дәл солай болды да! 72 жастағы агроинженерия саласының мұғалімі Мұстафа Кемаль күтпеген жерден жергілікті атақты адамға айналды. Күн сайын ол көгершіндерді тамақтандырудан бастайды, содан кейін өзінің шағын , бірақ қазір белгілі донер орталығына барады.

Кафенің иесі демалыс күндері бір-екі клиент келетінін айтады. Ал қазір келушілердің саны артқан, барлығына бірден қызмет көрсету қиынға соғуда. Ол өзінің донерлері TikTok — та трендке айналғанын түсіндірмейінше, бұл дүрбелеңге не себеп болғанын бірден түсінбепті.

Мұстафа Кемал, Izmir Döner кафесінің иесі: «Видеоға дейін мұнда келетін клиенттер аз болды. Бір қыз TikTok үшін бейне түсіруді ұсынды, бірақ мен шыны керек ол әрекеті көмектесетініне сенбедім. Соған қарамастан: «жүр, неге болмасқа», — дедім. Келесі күні кафе келушілерге толы болды».

Мұстафа Кемал 1999 жылы Түркиядан Қазақстанға қоныс аударған. Біздің елімізді көптен бері өзінің үйі деп есептейді. Өйткені мұнда оның отбасы, балалары мен немерелері тұрады.

Мұстафа Кемал, Izmir Döner кафесінің иесі: «Мен Қазақстанда 25 жылдан бері тұрамын және бұл жерді өз үйімдей сезінемін. Мен қазақ болдым! Менің ұлым осында үйленді, немерелерім бар. Әрине, мен қайтып оралуыма да болады, бірақ мен осында қалуды жөн көрдім. Қазақтар мен түріктер ағайынды, мәдениетіміз-ортақ, тіліміз ұқсас. Менің донерлерімнің тағам ретіндегі құпиясы- Мен әрқашан тек жаңа және табиғи өнімдерді қолданамын. Клиенттер мен өзім тұтынатын тағамды жейді. Мен құпия соус қолданамын. бірақ мен оны құпия ұстағым келеді».

Қонақтар Мұстафа атаның дәмді тағамдарына ғана емес, сонымен қатар кафенің жылы атмосферасы үшін де келеді. Мұнда бәрі нағыз Ыстамбұл дерсің: кофе шыныаяқтары мен мыс ыдыстардан бастап, жайлылық пен ерекше атмосфераны тудыратын әуенге дейін.

Тамақтандыру орнының танымалдығы сонша, егесіне көмекші жалдауға тура келіпті. Алдағы жоспар — жазғы орын ашу, кафені кеңейту.

Жанар Махимова, Izmir Döner кафесінің қызметкері: «Бұған дейін біз жоғарғы нарықта 5 жыл жұмыс істедік, содан кейін Тәуке хан даңғылына көшіп келдік, мұнда клиенттер бастапқыда аз болатын. Кейін блогерлер барлығы біздің Шымкенттің жастары бізді қолдады. Алматы, Қырғызстаннан барлығы қолдау көрсетеді, баршаңызға үлкен рахмет!».

Бұл оқиға әлеуметтік желілерінің адам өмірін қалай өзгерте алатынының жарқын мысалы болып табылады. Мұстафа атаға келушілердің қатары артуда, өйткені оның донерлері бүкіл елге танымал өнімге айналды.

Шынар Оразова