Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 29 мамырдағы №120 бұйрығымен мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтағы жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді қолдану қағидалары талаптарының сақталуы және ол бойынша Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерге түсіндірме жүргізу мәселесі қатаң бақылауға алынып, қажеттілігі бар мемлекеттік қызметшілерге заңнама талаптарына сәйкес тиісті жағдай жасауға бағытталған шараларды қолдану мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл ретте, қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында және осы Қағидалармен бекітілген тәртіпте жүзеге асырылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезеңде, сондай-ақ жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда уәкілетті адам жұмыскерлерге қашықтықтан жұмыс істеу немесе аралас қашықтықтан жұмыс істеу белгілеуге құқылы.
Жұмыскерлер, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін. Икемді жұмыс уақыты режимі себептері, уақыт режимі және икемді жұмыс уақыты кезеңі көрсетілген жұмыскердің өтініші негізінде жұмыс берушінің актісімен белгіленеді. Икемді жұмыс уақыты режимін қолдану кезеңі алты айдан аспауы тиіс. Тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс уақыты режимін қолдану кезеңі ұзартылуы мүмкін. Икемді жұмыс уақыты режимінде күнделікті жұмыстың және (немесе) апта сайынғы жұмыстың ұзақтығы Кодекспен және Заңмен белгіленеді. Бұл ретте, қашықтықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс уақыты режимі мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санатының кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы кестені қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметшілердің пікірлерін ескере отырып, Шымкент қаласы әкімінің аппаратында және Шымкент қаласының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдарының кейбір қызметкерлері үшін икемді жұмыс кестесі енгізілді.
Мәселен, Әдеп жөніндегі уәкілдің жеке қабылдауында, телефон арқылы байланыста болған Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы цифрлық трансформация бөлімінің бас маманы Ж.Жанаеваның денсаулығына (2-топ мүгедек), кәсіпкерлік және индустриальды-инновациялық басқармасы салааралық үйлестіру бөлімінің бас маманы Ф.Сариеваның отбасылық және Абай ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы А.Оспанованың кішкентай балаларының болуына байланысты мекеме басшыларына жүгіну арқылы аталған қызметшілерге икемді жұмыс уақыты режимі белгіленді. Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарында бекітілген штат бойынша 970 мемлекеттік қызметші болса, (нақты 903) оның ішінде 579 (64,11%) ерлер саны, 324 (35,8%) әйелдер саны. Осы орайда, икемді жұмыс уақыты режимінде 19 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер балаларын балабақшаға алып бару, алып қайту кезінде уақыт сәйкессіздіктері туындап жатады, оларға жұмыс берушінің келісімімен икемді жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін. Бұл мүмкіндікті пайдаланған қызметкер де тәулігіне 8 сағат жұмыс істейді. Бірақ оның түскі үзіліс уақыты қысқарып, жұмыстың басталу уақыты мен аяқталу уақытында айырмашылық болады. Бұдан бөлек, күнделікті белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуі үшін қызметкердің жазбаша келісімі болуы керек. Басшылық төтенше жағдайлардан басқа кезеңде мұндай құжатсыз ешкімді де жұмсай алмайды. Ал, жүкті әйелдер, он сегіз жасқа толмағандар мен мүгедектігі бар адамдар артық жұмыс істеуіне тиым салынған. Егер жұмыс беруші тарапынан акт жасалмай, қызметкер белгіленген уақыттан артық жұмыс істесе жұмыс брушіге ескерту беріледі. Бұл жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілердің жұмысын ұйымдастыру барысында жоғарыда аталған талаптарды ескеріп, оларды сақтау маңызды. Сонымен қатар, жұмыскер мемлекеттік қызмет, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін және мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді сақтаулары қажет.
Бұл ережені барлығы бірдей біле бермейді. Қызметкерге артылатын қосымша жұмыс тәулігіне 2, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс. Әр қосымша жұмыс сағаты үшін маман бір жарым мөлшерлеме көлемінде ақы алуға құқылы. Егер қызметкердің жұмысқа уақытында келе алмауына дәлелді себебі болса, икемді жұмыс уақытын пайдалануына болады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмысты, аралас қашықтықтан жұмысты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуді қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрықты 2023 жылдың мамырында бекіткен. Жеңілдікті негізінен кішкентай балалары бар қызметкерлер қолдана алады. Егер арнайы акт жасалмай, қызметкер белгіленген уақыттан артық жұмыс істесе мекеме басшысына ескерту беріледі. Жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, ол басшы өз қалтасынан 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі