Бүгін Наурызнаманың мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Атаулы күнге орай Шымкентте ақын Өтебай Тұрманжанұлының 120 жылдығына арнап, ерекше форматтағы «Күміс қалам» жазба ақындар мүшайрасы өтті. 4 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық ақындар байқауы бүгінде өлең шеберлерінің арасында ойып алар орны бар, мәртебесі биік бәсекеге айналған.
Өз өңірлерінің ең мықты ақындары іріктеліп қатысатын жазба ақындар бәйгесі әдеттегідей жылдың ең үздік жас ақынын анықтайды. Сәйкесінше осы жылдың жеңімпазы биылдыққа күміс қалам иегері болады. Жыр жарысы жоғары деңгейде өтті.
Айтыскер ақындар алтын домбыраға айтысса, жазба ақындар күміс қаламға сайысады. Бірақ күміспен күптелуді көздейтін ойланып-толғанып жазатын өлең шеберлеріне бәсеке оңайға түспейді. Әдеттегідей таңдалған тақырып төңірегінде өлең өріп келіп, оны оқудан бөлек, өзі сынды ақынмен сахнаны ортақ етіп, өлеңімен жекпе-жекке шығады. Осынысымен ерекше мүшайраның айтайық бәсі де жоғары. Айтулы республикалық байқау биылғы жылдың ең үздік, қаламы қарымды жас жазба ақынын анықтайды.
Бұл Түркістаннан келген Мұқағали Кенжетайұлының жыр жолдары. Балалық шақтың көрінісін өлеңге кестелеген ол аталмыш мүшәйрада бірінші рет бақ сынап жатыр. Айтуынша, осы жазба ақындар жарысының форматының ерекше болуымен дүйім жұрт алдында сөз шеберінің өлеңдері мен оның әртараптылығы сыналады. Өйткені дуел талабы бойынша екі ақын қоржынынан кезек-кезек өлең оқығанда оның бір-бірімен байланысып, жауап қатуы шарт. Ал мұндайда суырып салатын емес, жазатын ақындардың өлең қоры мол әрі жан-жақты болуы қажет болса керек.
Мұқағали Кенжетайұлы, ақын: «Бұл жердегі ең басты ұтымды оқырманға да өтетін өлеңіңді өтімді қылатын дүние ол жаныңдағы сенің жұпталған дуелдегі серіктесіңнің оның өлеңі мен сенің өлеңіңнің ауаны сәйкес келуі, бір-бірімен байланысуы сол арқылы әдемі үндестік құрып, соны көрерменге жеткізе білу».
Күміс қалам жас жазба ақындар мүшәйрасы 4 жылдан бері өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше бұл бәсекенің қазір өлең шеберлері үшін мәртебесі биік, орны бөлек. Сонымен қатар, көрермен қауым үшін де ерек додаға айналған екен. Күміс қаламды еншілеген ақын бір жылдыққа алтын домбыра иегері сынды, титул иесі болып, ең үздік жазба ақын саналады. Сондықтан мүшайраға әр өңірден ең қарымды деген қалам тербеуші іріктеліп, сынға арнайы келеді.
Осы жылы Шымқалаға сен тұр мен атайын деген 16 кіл мықты өлең шебері жиналған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізіліп отырған мүшайра балалар әдебиетінің классигі ақын Өтебай Тұрманжанұлының 120 жылдығына арналып отыр. Сәйкесінше дуелге дейін мүшәйраға қатысушылар, атаулы ақынның құрметіне арнаулы жырларын оқыды.
Бұған дейін 100 — ге жуық жас ақын бақ сынап, бағдар алған мүшайраның бұл жолғы жүлде қоры мынадай. Бас жүлдені жеңіп, Күміс қаламның иегері атанған жеңімпазға 1 млн теңге сыйақы. Ал екінші орыннан көрінген үздік ақындардың біріне 500 мың теңге жүлде беріледі. Жүлделі орынды түйіндеген үшінші орын иегеріне 300 мың теңге үлестіріледі.
Қажымұқан Абзалов, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Күміс қалам жобасы жасы 35 — ке дейінгі бүкіл республикадағы жазба ақындардың басын қосқан мүшәйра. Шымкент қаласының әкімдігіне үлкен алғысымызды жеткізгіміз келіп отыр. Өтебай Тұрманжановтың биыл 120 жылдығы. Сол бабамыздың құрметіне арналып, жүлдесі өте қомақты болып тұр».
Алда енді Шымшаһарда күміс көмей атты әншілер арасында республикалық байқау өтеді. Сондай-ақ айта кетейік, Шымкентте 20 наурыз күні айтыскер ақындар арасында дәстүрге айналған «Күміс Домбыра» айтысы өткізілетін болады.
Әділет Әнуар