Қасиетті Рамазан айында ауызашар ұйымдастыру кезінде тағамнан уланудың алдын алу үшін санитарлық талаптарды сақтау өте маңызды. Бұл туралы сала мамандары ескертіп отыр. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, ауызашар жиыны кезінде сақтаулы тиіс талаптар жөнінде арнайы брифингте айтып берді.
Ауызашар өткізу кезінде көпшілік ескере бермейтін қауіпсіздік шараларын білу өте маңызды. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Алдарқұл Ахметов баяндады. Яғни, Қоғамдық орындар мен мешіттерде ауызашар өткізу үшін келесі талаптар сақталуы тиіс.
Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары: «Келушілер мен персоналға арналған раковиналар қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталуын; желдету және ауа баптау жүйелерінің көзделуін; қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық-түлік шикізатының қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алынуын; үй жағдайында дайындалған консерві өнімдерін қоғамдық тамақтану орнында, мешіттерде пайдаланбау керек».
Мұндай талаптар үй жағдайында да сақталуы тиіс дейді жауаптылар. Мамандар тағамнан уланудың алдын алу бағытында мына бір қажетті талаптарды сақтауды ұсынады.
Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары: «Үй жағдайында қонақтардың қол жууына жағдайдың болуын; тамақтану бөлмелерінің ауасын жиі алмастыруын; шикізат пен тамақ өнімдерін қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алынуын;
-үй жағдайында дайындалған консерві (салаттар, ет, құс, балық, саңырауқұлақ және т.б.) өнімдерін пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізуін;
-ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет, сақталу талабы сақталынбағанда келесі күні пайдаланбау керек»
Сала мамандардың сөзінше Рамазан айы басталғалы астан улану дерегі тіркелмеген. Дегенмен, жауаптылардың сөзінше, аталған қағидаларды сақтау адам денсаулығы үшін аса маңызды.
Лаура Бабас