Бүгін Бәйдібек ауданының активі аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Сатыбалды Ақәділ Болатұлын басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты және сайланбалы қызмет мерзімі аяқталған Көктерек ауылдық округінің әкімі Мауленов Абдуразақ Пернебекұлын құрметпен шығарып салды.
Шара барысында аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов сөз сөйлеп, аталған азаматтардың аудан мен ауылдың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– «Ақәділ Болатұлы мен Абдуразақ Пернебекұлы өздерінің біліктілігі мен тәжірибесін ауданымыздың өркендеуі жолында аянбай жұмсап, халық игілігі үшін абыройлы қызмет етті. Олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық», – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында Сатыбалды Ақәділ Болатұлы мен Абдуразақ Мауленовке аудан әкімінің алғыс хаты және естелік сыйлықтары табысталды. Сонымен қатар, әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, бірлескен жұмыстың сәтті әрі жемісті болғанын айтып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бұл шара – адал еңбектің бағаланатынын, өз ісіне жауапкершілікпен қараған азаматтардың еңбегі әрдайым ескерілетінін көрсететін ізгі дәстүр. Бәйдібек ауданының тұрғындары мен әріптестері қос азаматқа алдағы қызметтерінде табыс тілеп, жаңа белестерді бағындыруларына сенім білдірді.