Шымкентте еш жері бүлінбеген, тәп тәуір бордюрлерді ауыстыру төңірегінде дау туындады. Қала тұрғындары жарамды бордюрлердің алынып тасталып, олардың орнында шұңқырлардың жөнделмей сол күйі қалатынына наразы. Сарапшылардың айтуынша, бордюрлердің пайдалану мерзімі ондаған жылға жетуі мүмкін, ал олардың жиі ауыстырылуы көбіне мемлекеттік тендерлерден пайда табуға деген ұмтылыспен байланысты дейді. Жол саласындағы мәселелер тек бордюрлермен ғана шектелмейді, жолдардың сапасы да басты проблема болып отыр.
Бұл видео әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Шымкент тұрғыны қала көшелерінің бірінде бордюрлердің ауыстырылып жатқанына наразы. Оның айтуынша, бордюрлер жақсы жағдайда болған, алайда жол жөндеудің орнына жұмысшылар дәл осы бордюрлерді ауыстыруды жөн көрген.
«Бұл бордюрлердің жағдайы жақсы еді, не үшін бұлай істегендерін білмеймін. Кеше көрдім, бәрін қиратып тастады».
«Егер алып тастаса, оны тезірек жөндеу керек, ұзақ уақыт бос тұрмауы тиіс».
«Ақшаны жымқыру ғана, басқа ештеңе емес. Жолдарға миллиардтар бөлінеді, бірақ жарты жылдан кейін бәрі қайтадан қирайды».
Әкімдіктегілер бордюрлердің тозығы жеткендіктен ауыстырылып жатқанын түсіндірді. Жалпы, 350-ден астам бордюр жаңартылып, тағы 170 жаңа бордюр орнату жоспарланған.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛДАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: «Қазіргі уақытта бордюрлер мен асфальт жабындысын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстардың аяқталуы наурыз айының соңына жоспарланған. Ал әлеуметтік желідегі видеоға қатысты тұрғынмен түсіндіру жұмыстары жүргізілді».
Сарапшылардың пікірінше, бордюрлердің қызмет ету мерзімі ондаған жылға созылуы мүмкін. Бірақ олар жиі тозғандықтан емес, мемлекеттік тендерлер арқылы пайда табу мақсатында ауыстырылады.
Николай Исаев, Қазақстанның құрметті құрылысшысы: «Қазір неге жиі ауыстырып жатыр? Өйткені әр жолы жаңа, қымбатырақ материалдарды пайдаланады, ал сметада қосымша шығындар қарастырылған. Егер біз бордюрді 1000 теңгеге қойсақ, 300 теңге пайда табамыз. Ал 2000 теңгеге қойсақ, 600 теңге аламыз. Бірдей жұмысты орындап, артық ақша табу мүмкіндігі пайда болады».
Мәселе тек бордюрлерде емес. Жол саласында да көптеген проблемалар бар. Қоғам белсенділерінің айтуынша, кейбір мердігерлер сметалық құнын жасанды түрде өсіріп, сапасыз жұмыс атқарады. Қазақстандағы жол құрылысы саласы жемқорлық қаупі жоғары салалардың бірі болып табылады.
Рустам Танішбеков, Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Жол құрылысы – ең «жемісті» сала. Жолды жөндеу мен абаттандыру жұмыстарында үлкен қаражат айналымда жүреді. Бізде орташа жөндеу жұмыстары бір шақырым жол үшін 120-150 миллион теңгеге түседі. Бордюрлер жолдармен бірге ауыстырылады. Кейде екі жыл өтпей жатып, бордюрлерді қайтадан «жарамсыз» деп ауыстырады».
Сарапшылардың айтуынша, мердігерлерді жауапкершілікке тарту оңай емес. Кепілдік мерзімі бар, осы кезеңде олар шұңқырларды бітеп, жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан, қоғам белсенділері жол құрылысы саласындағы сапасыз жұмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп есептейді.
Мұхамедали Шалхарбай