Емдеу-профилактикалық мекемелерінде қандай жағдайларға көңіл бөлу қажет?

фото med.mcfr.kz

Өз денсаулығы үшін әрбір адам кем дегенде бір рет медициналық мекемеге көмекке жүгінетіні белгілі. Емдеу-профилактикалық мекемесі (ЕПМ) – азаматтарға түрлі сипаттағы медициналық қызметтерді көрсететін мекеме. 

Қазіргі уақытта көптеген жеке медициналық кабинеттер, медициналық орталықтар, клиникалар ашылуда. Емдеу-профилактикалық мекемелері меншік нысанына қарамастан, «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ -96/2020 бұйрығының талаптарына жауап беруі тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық ережеде денсаулық сақтау объектілерін салу және жобалау үшін жер учаскесін таңдауға, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне, жарықтандыру, желдету, ауа баптау және жылумен жабдықтауға, үй-жайларды жөндеу және күтіп ұстауға, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізуге, медициналық қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға, сақтауға, тамақтану жағдайларына, еңбек жағдайлары және қызметкерлерге тұрмыстық қызмет көрсетуге қойылған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар атап көрсетілген.

Емдеу-профилактикалық мекемелерге барғанда төмендегі жағдайларға көңіл бөлу маңызды:

— тұрғын үй ғимараттарында қуаты ауысымына 100 келушіден аспайтын халыққа амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау объектілерін, оның ішінде жеке кіру есігі болған кезде күндізгі стационарлармен орналастыруға болады;

— тұрғын үй ғимаратында пациенттер тәулік бойы болатын стационарлар орналастырылмайды;

— операциялық, таңу, емшара, манипуляциялық, босандыру, стоматологиялық кабинеттер, науқастарға арналған қабылдау және палаталық бөлімшелер ғимараттардың цокольдық және жертөле қабаттарында орналастырылмайды;

— дәрігерлердің барлық қабылдау кабинеттерінде, палаталарда, қосалқы үй-жайларда суық және ыстық сумен жабдықтап, раковиналарды орнату көзделеді;

     — денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларындағы микроклиматтың оңтайлы жағдайлары желдету, ауа баптау және жылыту жүйелерімен қамтамасыз етіледі;

— күрделі жөндеу жүргізу кезінде денсаулық сақтау объектілері үй-жайларының жұмыс істеуі тоқтатылады.

ЕПМ-не санитариялық-эпидемиологиялық бақылау  ерекше тәртіппен және жоспардан тыс тексеру жолдарымен жүргізіледі. 

Қазақстан  Республикасының  Кәсіпкерлік Кодексінің негізінде жылына екі рет ерекше тәртіппен тексеру жүргізіледі. Ал, Кодекстің 144 бабының 1 тармағы 2 тармақшасында көрсетілгендей «адам денсаулығына жаппай қатер төндіретін нақты фактілер болған жағдайда, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі».

Осы ретте, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 27 маусымдағы №463 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі №285 бірлескен бұйрығына сәйкес тексеру барысында:

— ғимараттар мен бөлмелердің сәулеттік-жоспарлау шешімдері нормативтерінің сақталуына;

— бөлмелер мен инженерлік жабдықтардың санитарлық-техникалық жағдайына;

— бөлмелердің жарықтандырылуы мен ықшам климат нормативтерінің сақталуына;

— ғимараттар мен оның аумағының ішкі, сыртқы жайластырылуының жалпы жағдайына;

— бөлмелердің жалпы санитарлық-гигиеналық тәртібінің сақталуына (жинау, ауа алмасуы және т.б.);

— шудан қорғауға арналған шаралардың орындалуына;

— төсек жапқыштармен, инвентарьмен, жиһаздармен, жуғыш заттармен және т.б. қамтамасыз етілу жағдайларына;

— аурухананың кір жуатын орындарының, дәріхана, шаруашылық және басқа да көмекші қызметтерінің жұмыс тәртібіне;

— ағынды суларды тазарту жағдайларына;

— қалдықтар мен қоқыстарды жинауды, сақтауды, шығаруды және пайдаға асыруды ұйымдастыру мен олардың орындалу тәртібіне;

— атмосфералық ауаның ластануын алдын-ала ескерту бойынша шаралардың орындалуына бақылау жүргізіледі.

Ж.Н.Сарсекулова,

Шымкент қаласы Тұран ауданы

СЭББ бас маманы