Ғасырлық тарихы бар Түркістан бүгінде еліміздің рухани астанасы. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қасиетті қала. Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына қол қойды. Құжат көне шаһардың дамуына, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына зор мүмкіндіктер, серпін береді деп атап өтті президент.
«Түркістан-ата жұртымыздың алтын қазығы. Түркістан- бәріміздің мақтанышымыз, «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» атанған бүкіл әлемімізге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихында айырықша орны бар. Сондықтан Түркістанға, жалпы осы облысқа ерекше мән беру керек. Бұл ең алдымен Үкіметіміздің басты міндеті», — деді Президент.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңды әзірлеу жөнінде тапсырма мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйектегі Түркістан облысына сапары барысында берілген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп, ағымдағы жылдың наурызында Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу; тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау талаптары бекітілген.
Әзімхан Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі: «Қорғалатын аймақта 100 метр жерде биіктігі 7 метрден аспайтын құрылыс нысандарын салуға тыйым салынады. Қаланың бірыңғай келбетін-сәулет ерекшелігін сақтау мақсатында дизайн код енгізу. 30 — дан астам өкілеттік беріліп отыр. Соның аясында жайлы орта қалыптастырамыз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына жағдай жасалады».
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыстар жалғасады.
«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңында тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған. Киелі Түркістанның өз нышаны да болады.
Әзімхан Пазылбекұлы, Түркістан қаласының әкімі: «Қасиетті Түркістанның ерекшелігін айқындайтын нышаны болады. Шымкентте Қызғалдақ, Астанада Бәйтерек болса, бізде де сондай нышан болады. Қазір сәулетшілер жұмыс істеп жатыр».
Заң Түркістан қаласының одан әрі дамуына керемет мүмкіндіктер береді. Маңыздыларына тоқталсақ: қаланың тарихи-мәдени мұрасын сақтау үшін археология ескерткіштері резерваты құрылады. Ұлттық қолөнерді дамыту мақсатында қолөнер шеберлер шығындарының бір бөлігі бюджеттен өтеледі.
Шынар Оразова