Оқушылар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен танысты

Жасанды интеллект адам интеллектісінің күші жете бермейтін мәселелерді шешетін үлкен әлеуетке ие болып отыр. Бүгінде әлемде төртінші өнеркәсіптік революция жүріп жатқаны белгілі. Соның аясында жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы орынға шығып отыр. Цифрландыру дәуірінде әрбір жаңашылдықтан ешкім де тысқары қала алмайды. Осы орайда, шымкенттік оқушылар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен танысты. Қала мектептерінде инновациялық ашық сабақтар өткізіліп, ақылды жүйені қолдану жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ мұғалімдерге де арнайы семинарлар ұйымдастырылды.

Шымкент мектептерінде цифрлық білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Қала оқушылары жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін зерттеп, оны күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын үйреніп жатыр. Инновациялық ашық сабақтарда ақылды жүйелердің жұмыс істеу принциптері түсіндіріліп, тәжірибелік тапсырмалар орындалды.

Әділ Нақып, №18 Ш.Уалиханов атындағы ЖОББ мектептің оқушысы:
«Биология пәнінен ашық сабақ өтіп жатырмыз. Сабағымыздың негізгі тақырыбы — сұрыптау әдістері, селекция әдістері және будандастыру. Оның ішінде гибридизация туралы толық ақпарат алып жатырмыз. Жасанды интеллектпен байланысы Биотехнология, Биоинженерия тақырыптарына байланысты болып келеді. Биотехнологияда ауыл шаруашылығы, яғни, сұрыптау әдістерін қолдану кезінде нақты ақпарат ала аламыз»

Ақылды жүйенің мүмкіндіктерін мұғалімдер де белсенді түрде игеріп жатыр. Мысалы, Шымкенттегі №18 мектепте оқушыларға арналған ашық сабақтармен қатар, ұстаздарға да арнайы семинарлар өткізілді. Бұл шаралар педагогтерге жасанды интеллектті білім беру үдерісіне тиімді енгізу әдістерін үйретуге бағытталды.

Сабира Жаңабайқызы, №18 Ш.Уалиханов атындағы ЖОББ мектеп директорының орынбасары: «Бүгінгі іс-шара қалалық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың жылдық жоспары және біздің мектептің әдістемелік жоспарына сәйкес жоспарланған. Әл-Фараби ауданына қарасты мектептер арасында болып жатыр. Тақырыбымыз осы математикалық-жаратылыстану пәндері бойынша инновациялық, цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттырудың жолдарын көрсету»

Педагогтер жасанды интеллект мүмкіндіктерін үйретіп қана қоймай, оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де көңіл бөлді. Сабақ барысында балалар “Қара жорға” биін билеп, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттады. Мұғалімдердің айтуынша, заман талабына сай білім алу ұлттық мұраны ұмыт қалдырмай, оны жаңа буынға жеткізудің тиімді жолдарының бірі.

Болашақ технологияларын меңгеру – қазіргі заман талабы. Мұндай сабақтар мен семинарлар арқылы оқушылар мен мұғалімдер цифрлық сауаттылықтарын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады дейді мектеп ұжымы. Осы орайда жасанды интеллектінің көрсетер көмегі көп болып тұр.