Өнеркәсіп саласында құрылыс индустриясы қарқынды дамуда. Өндірісті индустрияландыруда қыш зауыттарына жартылай және толық автоматтандырылған робототехникалар ендірілуде.
Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов Шұбар елді мекенінде бой көтеріп жатқан осындай шетелдік жаңа технологиялар орнатылып, толық автоматтандырылатын қыш зауытының құрылыс- монтаждау жұмыстарымен танысты.
Жобаны іске асырушы «КАРЬЕР ТАБЫС» ЖШС-нің өкілдерімен құрылыс жүріп жатқан нысанды аралап, орын алып отырған мәселелерді мен алдағы жоспарларды талқылады. Жоба құрылысының жоспарға сәйкес сапалы әрі уақытылы аяқталуы, жергілікті жұмысшыларды жұмыспен қамту маңызды екенін атап өтті.
Жалпы құны 3,3 млрд. теңгені құрайтын жобада 60 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 85 000 текше метр саз топырақты өңдеп, күйген қыш өндіріуге жететін болады.
Бұл өндіріс құрылыс индустриясы саласындағы ірі жобаның бірі болып табылады.