С.Құранбек: «Әлеуметтік тапсырыс бойынша салынған үйлердің сапасы сын көтермейді»

фото qazaqstan.tv

Жүк көліктерінің қозғалысы қала аумағында шектеледі. Енді, тонналап құрылыс заттарын тасымалдайтын камаздар мен ауыр көліктер қала ішінде емін-еркін қозғала алмайды. Шымкент қаласының әкімі осындай шешім шығарды. Бұл туралы, әкімдіктің ресми өкілі Сарсен Құранбек кезекті брифингте мәлімдеді.

Қаладағы кейбір жолдар әлі күнге дейін ойдым-ойдым болып жатқаны рас. Тіпті, кейбір айналма жолдарда жұмыс басталғанымен, істің қарқыны ақсап тұр. Бұл туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіде де толассыз жазып жатыр. Осыны ескерген қала әкімінің орынбасары, тұрғындардан проблемаға түсіністікпен қарауды сұрады.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Қазір өте көп жолдар жөнделетін болады. Уақытша қолайсыздықтар тудырады. Сәл сабыр сақтасаңыздар, қысқа мерзімде реттеп береміз. Осы жерде екі мәселеге тоқтауымыз керек. Бірінші битумның сапасы. Жалпы біздегі жолдарға пайдаланатын битумның сапасы нашар. Күрделі және орта жөндеуден өткен жолдарда бір жыл өтпей, толқып кететін өздеріңізде байқаған шығарсыздар. Осыған орай, битум өндіретін мекемелерге деген талап күшейтілсе екен дейміз».

Сонымен қатар, Сарсен Құранбек әлеуметтік тапсырыс бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтінін мәлім етті. Айтуынша, әкімдіктің есігін қаққан тұрғындардың арыз-шағымы тоқтаған жоқ. Ал жауаптылар түйіткілді мәселенің күрмеуін шешуге тырысып жатыр. Қажет болған жағдайда, кепілдік мерзімі бар үйлерді қайта жөндеуге ат салысады.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Көп үйлерде, үйдің тұрғындары құқықтары мен міндеттерін білмейді. Осы үй құру мәселесі бізде өзекті болып отыр. Көпшілік тұрғындар әкіммен кездесуге келіп, менің үйімнің шатырынан су ағады. Неге жөндеп бермейсіздер, неге оны әкімдік реттемейді деген сұрақтар қояды. Шындап келгенде оны осы біріккен ұйымдар реттеу керек. Осылай әрекет етуге жаппай үй тұрғындары кіріссе екен дейміз. Бізге де жеңіл болатын еді. Бізде тұрғын үй коперативтерімен жұмыс істейтін едік».

Бұдан бөлек, журналистер тарапынан қоғамдық көліктерді бақылау қосымшаларына қатысты сұрақтар туындады. Яғни, шаһар халқы телефон арқылы I-Kolik, қосымшасын қолданып келген. Алайда, қазір аталмыш қосымша толыққанды жұмыс істемей тұр.

Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары:  «Жалпы I-Kolik қосымшасы, төлем компаниясы тарапынан бірнеше заң бұзушылық орын алған. Осыған орай транспорт тарапынан келісімшарт бұзылған. Ал, автобус қосымшасы бұл қазіргі таңда, мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асып жатыр. Жұмысты жолға қою барысында кейбір кемшіліктер болатын шығар. Әзірге осы автобус қосымшасы бойынша жұмыс жолға қойылады».

Брифинг барысында қалалық жайлы ортаны қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау салаларына қатысты да өзекті мәселелер айтылды.

Нұргүл Жолымбетова