Тағы да жантүршігерлік жағдай. Тағы да Түркістан облысы. Бұл жолы әскери қызметкер 19 жастағы жігітті өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Желіде күдіктінің марқұмның атынан займ алғаны туралы ақпарат желдей есіп жүр.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында қанды қылмыс жасалды. Онда 19 жастағы жігітті ауыл бұзақылары елсіз жерге апарып, аяусыз азаптап өлтіріп кеткен. Марқұмның анасы қылмыс 20 ақпанда болған дейді. Ал 22 ақпан күні мәйітті ауыл шопаны тауып алған көрінеді.
Райхан Жамалова, марқұмның анасы: «Айдала, түн түгілі күндіз баруға қорқатын жерге менің баламды алып барған. 14 жерінен пышақтап, маңдайынан ломмен ба бірдеңемен ұрған. Өйткені, сүйегі кіріп кеткен. Із бар кәдімгідей. Сол жерден табылып отыр ғой балам»
Әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, жантүршігерлік қылмысты жасады деген күдікке ілінгендер қатарында әскери қызметкер де бар. Бүгінде ол ұсталып, қамауға алынған. Мұны қалалық әскери тергеу басқармасының мамандары мәлім етті.
ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Шымкент бөлімі:
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдікті анықталып, ҚР ҚПК-нің 128-131 баптарының тәртібімен ұсталды және күдіктіге қатысты тергеу соты 2 ай мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді. Қазіргі танда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда».
Сарыағаш қаласында орын алған қанды оқиғаға қатысты ғаламторда сан түрлі ақпарат тарап жатыр. Солардың бірінде, күдікті марқұмға 280 мың теңге көлеміндегі ақшаны қарызға алдырған деген де дерек бар. Қазір оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал марқұмның отбасы, ұлының ажалына себеп болғандар тиісті жазасын қатаң түрде алсын деп отыр.