Шардарадағы жарылыстан үш адам қайтыс болды

Видеодан скрин

Шардарада жарылыс орын алып, екі адам оқиға орнында қайтыс болған. Қайғылы жағдай, Түркістан облысы, Жаушықұм ауылындағы автогаз құю станциясында тіркелді. Апатты жағдай салдарынан, үш адам күйік шалып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Алайда аурухана төсегінде тағы бір азамат жан тапсырған. Ал, өзге зардап шеккендердің беті бері қарады ма? 

Шардарадағы жарылыстан зардап шеккен үшінші адам ауруханада көз жұмды. Ал тағы екі адам апат орын алған сәтте ажал құшқан болатын. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен соң, жеңіл автокөліктің автогаз құю станциясына соғылғанын анықтады.

Салдарынан, резервуардан газдың ағуы орын алып, кейін газ-ауа қоспасы тұтанған. Бейнебақылау камерасындағы көрініске қарап, бірі-біріне көмектеспек болып жүгірген бірнеше адамды көруге болады. Олар, автогаз құю станциясына соғылғанын көліктегі адамды шығарып алуға тырысқан. Алайда, тілсіз жау бірден тұтанып, жақын маңда тұрған көлікті де шарпыған.

Айнабек Жасұлан, Түркістан облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы: «Түскен ақпаратқа сәйкес, құтқарушылар оқиға орнына барған кезде анықталғаны, жеңіл автокөліктің автогаз құю бекетіне соқтығысу салдарынан өрт өршіп, жарылыс пайда болған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен өртті дер кезінде оқшаулау жұмыстары жүргізіліп, сөндірілді».

Қайғылы жағдай салдарынан, екі адам оқиға орнында көз жұмды. Ал, үш адам күйік жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Бірақ, бір азамат, ауыр дене жарақатының салдарынан қайтыс болған. Ал, екі азаматтың жағдайы бірқалыпты дейді дәрігерлер.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «Бірінші науқастың арқасы, оң аяғының жоғарғы жағы және сол жақ білек аймағын I-II дәрежелі күйік алған. Ал, екінші науқастың мойыны және бетін I-II дәрежелі күйік шалған. Екеуінің де жағдайы жақсы, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Тиісті емін қабылдауда».

Айта кетейік, Түркістан облыстық полиция департаменті айтулы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 306-бабымен іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындалған. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Нұргүл Жолымбетова