8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесінде елімізде 769 сәби дүниеге келді. Оның 71-і Шымкент қаласында өмірге келген. Қызығы, бұл күні дүние есігін ашқан сәбилердің басым бөлігі – ұл балалар.
8 наурыз күні Шымкентте 71 бала дүниеге келді. Мерекеде сәбиін құшағына алғандардың бірі — Жансая Мұратқызы. 27 жастағы әйел аналар мейрамында қос бірдей ұлды өмірге әкелгенін үлкен бақыт санайды.
Жансая Мұратқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «8 мартта босанам деп ойлаған жоқпын. Негізі сәуірдің 3-іне деп берілген ғой. Босануым жақсы болды. Рақмет дәрігерлерге. Кемеңгерім мен Мұрагерімді дүниеге алып келдім. Менен бақытты ана жоқ шығар».
Жансая қос ұлын қалалық перинаталдық орталықта дүниеге әкелді. Дәрігерлер бүгінде ана мен баланың жағдайы жақсы дейді. Ал, мереке күні медициналық мекемеде жалпы саны 22 сәби өмірге келген. Қызығы сол, бұл күні дүние есігін ашқан сәбилердің басым бөлігі – ұл балалар екен.
Эльмира Ибраева, акушер-гинеколог: «8 наурыз күні түнгі 12-ден бастап есептейтін болсақ, 21 әйел босанған. Оның ішінде 8- і қыз бала. Қалған 14- і ұл бала. Кесеревамен 4-і босанған».
Айта кетсек, елімізде 8 наурыз күні 769 сәби туылған. Оның 366 қыз болса, 403 ұл бала. Жаңа туған нәрестелердің ең көп саны Түркістан облысында тіркелген. Онда жалпы саны 126 бала өмір есігін ашыпты. Ал, Алматыда 76, елордасы Астанада 65 сәби дүниеге келген.
Лаура Бабас