Шымкентте ортақ пайдалану орындарын ластаған 1600-ден астам тұлға жауапқа тартылды

фото ШПД
Қаланы таза ұстау — санитарлық талаптар ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің белгісі. Аталған бағытта полицейлер жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың ластануына байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ұдайы түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.
Тәртіп сақшылары белгіленбеген жерлерде қоқыс тастау жайттарын жедел басқару орталығының камераларының көмегімен де анықтайды.
Ағымдағы жыл басынан бері Шымкентте аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 1638 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау заңнамаға сәйкес айыппұл салуға алып келеді.
Қаланың тазалығы – әдемі көрініс ғана емес, сонымен қатар біздің денсаулығымыздың кепілі. Осыған байланысты полиция мегаполис тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.