Шаһардағы 90 пайызға толған қоқыс полигонының мәселесін шешу үшін инвестициялық жобамен қалдықсыз қоқыс өңдеу зауыты салынбақ. Ал мемлекет теңгеріміне қайтқан «Кең баба» мен «Қиял әлемі» саябақтарынының орнына белсенді демалысқа арналған заманауи парк бой көтереді екен.
Сонымен қатар, қала жанашырлары жиі қозғайтын Қошқар Ата өзені бойындағы тазалық мәселесі де біржақты болады. Өзеннің 4 шақырым жағасына абаттандыру жұмысы жүргізілмек. Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы өзен арнасының жұмыстары наурыздан соң басталатынын мәлімдеді.
Қаламыздағы аузы-мұрнына дейін толуға жақын қоқыс полигонының мәселесі қытайлық компанияның қалдық өңдейтін зауыт салуымен шешілмек. Жобамен инвестиция құны 150 млн. долларды құрайды деп есептеліп отыр. Жайлы ортаны дамыту басқарма басшысының мәлімдеуінше, қоқысты қалдықсыз өңдейтін өндіріс орны жаңа жұмыс орындарын ашып, бірқатар экологиялық проблемаларды шешіп бермек. Сондай-ақ күнделікті қаладан шығатын 1 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарайтындай етіп, шашау шығармай өңдеуді іске асырмақшы.
Оңғар Әбілқайыр, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Қала әкімі Қытайға барған кезде инвесторлармен кездесіп, Сиян қаласынан Шанси деген компаниямен меморандумға қол қойылған. Қазіргі таңда Қытайдан келетін инвестор өз өкілеттіліктерін ашып жатыр».
Қаланың қақ ортасында орналасқан қос саябақ «Кең баба» мен «Қиял әлемі» саябақтарының орнына ешқандай да тұрғын үйлер тұрғызылмайды. Аталған демалыс орындары мемлекет меншігіне қайтарылған соң, ел арасындағы гу-гу әңгіме, топшылаулардан туған сауалға жауапты басқарма басшысы осылай деп жауап қатты.
Оның айтуынша, екі саябақта, саябақ деп атауға келмейді, жабайы сауда орны сияқты болып кеткен еді деді ол. Қазір жайлы ортаны дамыту басқармасының баласына өткен «Кең баба» мен «Қиял әлемін» қайта құруға жоспарлар түзілуде екен. Сала басшысы Әбілқайыр Оңғардың сөзінше, қала әкімінің нақты тапсырмасына сәйкес екі парк те нағыз белсенді демалысқа арналған саябаққа айналады. Тұрғындарға түгелімен тегін қызмет көрсететін орын заманауи реңкте салынады екен.
Оңғар Әбілқайыр, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Ондай біздің жоспарымызда жоқ. Бұл парк мемлекеттік парк болып табылады. Бұл парктер бей-берекет сауда орындарына айналып кеткен. Олардың барлығы заңсыз. Қазір барлық құрылыстар толықтай бұзылып жатыр».
Сонымен қатар, биыл қаланы қақ жарып, толығымен бойлай ағатын Қошқар Ата өзенінің 4 шақырымға жуық арнасы абаттандырылады екен. Нақтырақ, Жангелдин мен Алпысбаев көшелерінің арасындағы өзен арнасының жағалары габион құрылыс затымен қапталмақ. Ол аралықтағы өзен арнасының табаны да қоқыс-қалдықтардан тазартылатын болады. Жұмыстарға бюджеттен қаржы қаралып қойған, сәуір не мамыр айларында абаттандыру басталады дейді салаға жауапты.
Оңғар Әбілқайыр, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Қошқар ата бойын тазалау тек мемлекеттің міндеті емес. Қоғам тарпынан таза ұстау біздің парызымыз. Арамызда азаматтар бар, құрылыс материалдарын, қоқыста тастайды».
Шаһарда «Таза Қазақстан» акциясына ерікті түрде тартылған жандардың қатары көбеюде екен. Өткен жылдың аяғында бұл акцияның телеграм боты іске қосылып еді. Оған бүгінге дейін қала тұрғындары тарапынан 205 тазалық бойынша өтінімдер түсіпті.
Салаға жауапты олардың барлығы қаралып, тазалық жұмыстары атқарылғанын мәлімдеді. Осы орайда жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы тұрғындар назарына, жайрап, жөн-жосықсыз жатқан яки күл-қоқыстар қаптаған жерлерді телеграм бот арқылы хабарлай алатынын еске салады. Ол үшін аталған әлжелі арқылы Тазақазбот аккаунтына жазу жеткілікті.
Әділет Әнуар