Театр – сиқыр мен ғажайыптың тоғысқан мекені. Әсіресе қуыршақ театры. Оның сахнасында өмірдің түрлі бояулары көрініс табады. Осындай бір ерекше қойылым Шымкент қалалық қуыршақ театрының сахнасында көрерменге жол тартты.
Халықаралық қуыршақ театры күні мен Халықаралық театр күніне орай бүлдіршіндерге жазушы-драматург Денис Смирновтың «Кірпітайдың тоны» атты ертегісі тарту етілді.
Бұл – достық пен адалдықты, мейірім мен қамқорлықты дәріптейтін түрлі-түске боялған ғажайып қойылым болды. Оқиға қалың орманда өрбиді. Жанашыр кірпі өзінің досы – әлсіз қоянды қорғау үшін тікенек тонын береді. Бірақ бұл тон орман ішіндегі қулық пен айланың, өзімшілдік пен немқұрайлылықтың сынағынан өтеді. Ол біреуден екіншісіне ауысып, түлкінің, қасқырдың, аюдың қолына түсіп, ақыры әбден тозады.
Ақкөңіл кірпітай тонының мүшкіл халіне көңілі түссе де, оны тастамайды. Ертегіші көмекке келіп, тонды жаңартып береді. Бұл – қайырымдылық пен жақсылықтың айқын көрінісі еді.
Қойылым кішкентай көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шым-шытырық оқиға желісі кішкентай бүлдіршіндерді бірде күлдірсе, бірде толқытып, ерекше эмоция сыйлады. Әсіресе, актерлердің шеберлігі, қуыршақтарды жан бітіргендей ойнауы көрермендерді баурап алды. Қоюшы режиссер Мақпал Малдыбаева мен қоюшы суретші Гуля Бабаева бұл ертегіні шынайы өмірмен үйлестіре отырып, көркем дүниеге айналдырған. Ал Амангелді Апековтің музыкалық әрлеуі қойылымға тіптен жандандырып, әсерлі реңк берді.
Бұл ертегі тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де мағыналы, берері мол болды. Өйткені оның түпкі ойы – мейірімділік пен адалдық, достық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттердің маңыздылығын ұғындыру. Біз өмірде кейде өз игілігіміз үшін жақындарымыздың жанашырлығын пайдаланып, олардың қамқорлығын бағалай бермейміз. Театрдың әр қойылымы өзінше бір шебер туынды. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, олардың жүрегіне ізгілік ұрығын себуге дайын ұжымның еңбегі жансын дейміз.