Созақ ауданы: Жаңа техникалар жеткізілді

фото САӘБҚ
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ауданға облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жаңа техникалар жеткізілді. Бұл бастама облыстық бюджет есебінен жүзеге асып, ауданға 10 дана арнайы техника мен 12 ауылдық және кент округтеріне трицикл мототехникалары табысталды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа техникаларды аудан орталығында қуанышпен қарсы алды. Техникалар ауданның тазалығы мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін ауданымызға қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға қосылған зор үлес», — деді аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы.
Шара барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев ауылдардың тазалығын сақтап, коммуналдық қызметтердің тиімді жұмысын қамтамасыз етуде арнайы техникалар мен трицикл мототехникалары үлкен көмек көрсетеріне сенім білдірді. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жылы лебізін білдіріп, ақ батасын арнады.
-«Облысымыздың басшысы Нұралхан Оралбайұлының бастамасымен жүзеге асқан бұл шара аудан тұрғындары үшін үлкен мәртебе. Бұл бастама тек ауданның ғана емес, жалпы қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады»,-деді.
Айта кетейік, жаңадан жеткізілген техникалар қатарында Автогироподъемник, Погрузчик 2 м³, трицикл мототехникалар, Мини-погрузчик, Трактор «Беларус-320.4», Модель ММЗ-3LD (тратуарларды тазалауға арналған, коммуналдық щеткасы мен гидравликалық повороты мен жапқышы бар), Манипулятор 10 тонна, Автокран секілді арнайы техникалар бар.