Студенттер жатақханасына қатысты тағы дау шықты

фото egemen.kz

Шымкентте Қ.Тыныбаев көшендегі жаңадан салынған студенттер жатақханасына қатысты дау шықты. Тұрғындар айтулы нысан заңсыз салынды деп отыр. Айтуларынша, жатақхана, жанындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына ыңғайсыздық тудырған.

Шымкент тұрғыны Гүлдана Нұриддинова көпқабатты тұрғын үйдің ауласына студенттер жатақханасын салуға қарсы болып, күресіп жүргеніне сегіз жыл болған. Айтуынша, осы уақыт аралығында бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Алғашында тиісті мекемелер құрылыс салынбайды деп сендіргенімен, жатақхана салынған.

Гүлдана Нұриддинова, қала тұрғыны: «Біз осы 15 метр бойынша күресіп жүргенбіз. Бізде 15 метр, мына үшінші үйдің алды бар-жоғы 18 метр 20-25 метр болуы керек. Ол жерде балалар ойын алаңшасы бар. Арасы 10 метр болуы керек. Ол жерде бар-жоғы екі ақ метр. Біз осыдан бастадық, өйткені іштегі мәслені білмейміз ғой».

Тұрғындар жатақхана заңсыз бой көтерді дейді. Айтуларынша, жаңадан салынған жатақхана тұрғын үйлерді көлеңкелеп, күн түсірмей қойған. Үйлердің тығыздығынан ауа тарылған. Тіпті жатақхана іргетасын қалағанда құрылыс компанияның рұқсат қағазы болмаған дейді. Ал 2023 жылы құрылыс қайта басталғанда тұрғындар тағы қарсы шыққан. Десе де қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы мәселені жылы жапқан. Тұрғындар өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне шағымданған.

Гүлдана Нұриддинова, қала тұрғыны: «Қазақстан Республикасыныңзаңына сәйкес қаланың жоспары бар. Сол жерде бұл жатақхана туралы ештеңе жоқ. Түсінесіз бе. Мына жерде жатақхана болады келешекте дегендей. Ешқайсысы жоқ. Екі рет өзгерген екі жерде де бұл жатақхана туралы ешқандай мәлімет жоқ. Одан бөлек эскиз, эскизді жоба да бұзылған».

Нұрлан Төребеков, қала тұрғыны: «Екі рет сот болған. Бірінші сот солардікі заңды деді. Екінші сот отмена жасады. АПЗ-сын, АПЗ-ның бәрін жойған… Неге ондай? Неге акт ввода заңды емес деп шығарса олар істеп жатыр осы уақытқа дейін. Тоқтатылуы керек қой негізі. Студенттерд шығару керек. Қайтадан қабылдауы керек комиссиямен».

Жатақхана салу кезінде заңбұзушылықтар болғанын қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы жоққа шығармайды. Бұған байланысты тиісті мамандарға шара қолданылған. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жатақхана мен тұрғын үйлердің ара қашықтығына байланысты кемшіліктерді анықтап, эскиздің күшін жою туралы нұсқама берген.

Арман Әбдешов, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы: «Сол нұсқамасына сәйкес күшін жойдық қазір. Күшін жойған кезде бір  заңбұзушылық  болған мамандар тарапынан. Кәсіпкерлерді тыңдауға шақырмаған. Сондықтан сот инстанциясында жеңіліп отырмыз. Енді біз коссацияға дайындалып отырмыз».

Студенттер жатақханасы құрылысындағы кемшіліктер жөнінде өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына да хат түскен. Соның негізінде басқарма студенттер жатақханасын қабылдау актісін жою туралы сотқа арызданған.

Мерлан Керімжанов, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы:
«Бұл ғимарат бойынша 2023-те бір приписания бергенбіз. 3 қабатты ғимараттан аспау жөнінде. Яғни мына тұрған үймен сәйкестендіру жөнінде. Ол жағынан тиісті талаптарды орындады. Екінші мәселе тамыз айында қабылдап кеткен ғимаратты осы үй тұрғындардың арызымен қайта тексеріп қайтадан айыппұл салдық. Себебі толыққанды бітпеген ғимаратты пайдалануға беріп жіберген. Яғни техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы барлығы қадағаламай бітпеген ғимаратты тіркеп жіберген. Қабылдап жіберген».

Жатақхананы салған «SUNRISE CY» компаниясының уәжі бөлек. Компания басшысы Бексұлтан Үсіпәлінің айтуынша, 63 сотық жерге салынған жатақхананың құжаттары түгел. Бес жүзден аса студент, магистер, докторантқа шақталған жатақхана Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, қаржы орталығы және компаниямен үшжақты келісім шарт негізінде салынған. Жер актісі мен ғимаратты салу кезінде де заң шеңберінде тиісті құжаттарды әзірлеп, ресми рұқсат алынған.

Бексұлтан Үсіпәлі, «SUNRISE CY» ЖШС-ның басшысы: «Әкімдікке қарасты мекемелерден барлық заңды құжаттарымызды алып, яғни сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан 2022 жылы маусым айында АПЗ мызды алдық, АПЗ ны алғаннан кейін жобалаушы мекеме эскиздік жобаны дайындады. Дәл осы басқармамен келісіп эскиздік жобаны алдық, қорытынды алғаннан кейін орта сапаны бақылау басқармасына құжаттарымыздың барлығын өткізіп, құрылысты бастауға талон алдық».

Құрылыс компаниясы ғимарат құрылысын аяқтап, оны пайдалануға екі басқарманың рұқсатын алған. Және әділет департаментіне тіркеген. Екі мекеме ешқандай заңбұзушылық анықтамаған. Компания басшысы жатақхана көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына еш зияны жоқ дейді. Тұрғындардың арақашықтықты сақтамады деген уәжін де жоққа шығарады. Айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігі компанияға жатақхана мен тұрғын үйдің арасындағы арақашықтық 6 метрден кем болмауы керек деген. Жатақхана мен тұрғын үйдің қазіргі арақашықтығы 10 метр дейді ол.

Бексұлтан Үсіпәлі, «SUNRISE CY» ЖШС-ның басшысы: «2014 жылы ғимараттармен бірге жерді сатып алған болатынбыз. Өз шекарамызға қоршау орнаттық. Жалпы құрылысты бастайтын кезде 12 гараж сатып алған болатынбыз жекеменшікке. Осы гаражды. Тұрғын бірнеше рет арызданды. Бірінші арызында бізге жедел жәрдем келе алмайды деген болатын. Әрине біз онымен келіспейміз. Ол кісілерге 1-домға Т Тыныбаев көшесімен алдымен келеді, скорый осы жермен келеді… Одан кейін ол апайымыз тағы арызданды. Біздің зданияға сызат түсіп жатыр деп. Бұнымен де келіспейміз. Ешқандай сызат түсіп жатқан жоқ. Сызат түссе бірінші өз қоршауымызға түсетін еді. Он да алып барып көрсете аламыз. Қазір өрт сөндіретін көлік кіре алмайды деп жатыр. Мен сізге айтайын қазір де совет үкіметі кезінде де ол жол болмаған»

Айта кетейік, 6 қабатты 550-ге жуық орындық студенттер жатақханасы 2023 жылы пайдалануға берілген. Құрылыс компаниясы жатақхананы салуға 1,7 миллиард теңге қаржы жұмсағанын хабарлаған.