Тарихи мейрам: «Қошқарата сейілі» шымкенттіктердің басын қайта қосады

фото ҚазАқпарат

Шымкентте алты жылдық үзілістен кейін қала тұрғындары асыға күткен «Қошқарата сейілі » фестивалі қайта жандануда! Бір кездері қаланың нағыз символына айналған бұл ерекше мереке биыл Наурыз мейрамын тойлау он күндігінің сәнін келтірмек. 

16 наурыз күні Қошқар-Ата өзенінің жағасында қала тұрғындары мен қонақтарын ұмытылмас шаралар күтіп тұр. Этнографиялық көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкелері, ұлттық спорт жарыстары, театрландырылған қойылымдар – мұның бәрі шынайы халықтық мерекенің рухын сезінуге мүмкіндік береді.

Фестиваль аясында қала экологиясын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінбек. Биыл өзеннің жағалауы ауқымды абаттандыру жұмыстарынан өтеді: 4 шақырым жағалау сызығы габиондармен нығайтылып, өзен арнасы қоқыс пен лайдан тазартылады. Жоспарланған жұмыстар сәуір-мамыр айларында басталады.

Бауыржан Орынтаев,Шымкент қалалық мәдениет басқармасының басшысы: «Өзенді таза ұстау – тек мемлекеттің емес, қоғамның да ортақ міндеті. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын өзенге тастап, табиғатқа зиян келтіруде».

Биылғы Наурыз мерекесі бұрын-соңды болмаған ауқымда тойланбақ. Қала тұрғындары мен қонақтарын маңызды мәдени оқиғалар күтіп тұр. Атап айтқанда:

14 наурыз – Көрісу күні: Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәдениет және өнер қайраткерлерінің үлкен кездесуі ұйымдастырылады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні: Балалар үйлері мен қарттар үйінде игі шаралар өтеді. Әрмен қарай Шаңырақ күніне орай отбасылық құндылықтарға арналған ерекше іс-шаралар жоспарланған. Ал Ұлттық костюм күні Отандық дизайнерлердің қатысуымен сән көрсетілімі өтеді.

Наурыз мерекесі мұнымен шектелмейді! Биылғы наурызда Шымкент Қазақстанның мәдени астанасына айналады деуге болады. Сондықтан қалада, Республикалық ақындар айтысы, Халық ансамбльдерінің шеруі, Театрлар фестивалі, Драматургтер байқауы және басқа да ірі мәдени шаралар өтеді. Осылайша көптен күткен мереке өз салтанатын қайта таппақ! Көктемнің жарқын мерекесімен бірге қала өмірі де қайта түлеп, рухани жаңғырудың жарқын көрінісіне айналмақ.

Шынар Оразова