Теріскейде жаңа зауыт бой көтереді. Өндіріс орнының жоспарланған инвестиция көлемі 140 млрд. теңгені құрайды. Экономикаға қосар қомақты үлесінен бөлек, әлеуметтік салаға да тиімділігі орасан болмақ. Зауыт іске қосылғанда 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нысан 2027 жылы іске қосылмақ. Индустриаландыру картасына енгізілген жобаның өнімдерін шетелдерге экспорттау жоспары бар.
Түркістан облысында «Саутс-ойл» компаниясының «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытының құрылысы басталды. Созақ ауданында жүзеге асатын жобаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Зауыттың іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Осында өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң әсерін береді. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржы өз-өзін ақтайтыны анық. Ол аудан жене облыс экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді. Инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетіледі.
Жобаның жүзеге асырушылары әрі серіктестері – «Саутс-Ойл» компаниясы мен «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниясы. Маңызды оқиғаға аталған компаниялардың басшылары Серікжан Сейтжанов пен Лян Цзюньсян қатысты.
Жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрайды және 1000-ға жуық жұмыс орнын қамту жоспарлануда. Экологиялық талаптар қатаң сақталатын және заманауи технологиялар қолданылатын жоба арқылы фосфор қалдығын алу, фосфор тыңайтқыштарын шығару, терең өңдеу көзделген. Зауыттың қуаттылығына келсек, жылына 1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын және 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады деп жоспарлануда. Нысан 2027 жылы іске қосылмақ. Өнімдерін елімізбен қатар Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылған.
Шынар Оразова