Жайлы мектептерді жабдықтауда тек қана отандық өнімдер қолданылуы тиіс

Жайлы мектептердің құрылысы қатаң бақылауда тұр. Заманауи талаптарға сай салынып жатқан білім бесіктері отандық өнімдермен жабдықталуы тиіс. Бұл облыс әкімі қадап айтқан тапсырамалардың бастысы болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде шалғай елдімекендерде жайлы мектептер және спорт сауықтыру кешендері бой көтеруде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болып, жұмыс сапасын қадағалады.

Аймақ басшысы Шолаққорғандағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындысы төселген. Инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Білім ұясы жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады. Оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, түрлі үйірмелер ашылады.

 Ғимараттың ішін аралап шыққан Нұралхан Көшеров мердігерлерге құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұрғанын ескертіп, бірқатар міндет жүктеді. Мерзімінен кешікпеуді талап етіп, мектепті жабдықтауда отандық өнімдерді қолдану керек екенін айтты.

 Білім ошағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Қаратау ЛТД» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастаған. Нысанды биыл сәуір айында пайдалануға беру жоспарлануда. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Облыс әкімі Шолаққорған ауылында салынып жатқан заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 200 орындық спорт нысанының құрылысын «CK NEW CITY» ЖШС жүргізуде. 2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде.

Жалпы ауданы 3 гектар болатын ғимараттың оқу-жаттығу базасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес, аралас жекпе-жек және боксқа арналған залдар, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.


Бүгінгі таңда Созақта бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ын құрады. Ауданда 2 спорт мектебі және 1 спорт клубы бар.


Шынар Оразова