Жалған құжаттар жасаған компания директоры сотталды

Жалғандық үшін жаза бар. Алайда «екі жеп, биге шыққысы» келетіндер» мұны естен шығарып алатындығы өкінішті. Шымкенттегі құрылыс компаниясы іс жүзінде ешқандай жұмыс атқармай, жалған шот-фактуралар рәсімдегені анықталды.

Сондай-ақ, кәсіпорын жұмысшыларға зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік және жеке табыс салығын төлемеген. Соның салдарынан мемлекетке 640 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Құқық қорғау органдарының тексеруі барысында заңбұзушылықтар расталып, аса ірі көлемде қаржылық қылмыс жасаған компания басшысы сотталды.

ҚР Бас Прокуратурасының баспасөз қызметі: «Қала прокуратурасы осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігіне (аса ірі мөлшерде іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, істі сотқа жолдады. Сот үкімімен компания директорына 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды».