Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен тұрғындардың хабардар болуын, билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдерін бірігіп талқылауға арналған Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың кезекті кездесуі Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері мен қоғамдық ұйым басшылары, жергілікті тұрғындардың қатысуымен өткен жиында Ж.Ералиев ауылдық округін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелері баса айтылды. Атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешілу жолдары ұсынылды. Аудан басшысы бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалуы барысымен таныстырды. Өткен жылы көтерілген 24 мәселенің бүгінде 9-ы шешімін тапса, 15-і орындалу үстінде.
Нақтырақ айтар болсақ, С.Сейфуллин елді мекенің ауыз су жүйелерін қайта құрудың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Абай ауылынан балабақша салуға бөлінген жер телімі ауыл әкімінің меншігіне қайтарылып, орнына жергілікті бюджеттен салынған спорт алаңшасы пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, Арай ауылдық мәдениет үйінің жылу қазандығы өткен жылдың желтоқсанында табиғи газға қосылып, қажетті компьютерлермен қамтылған. КХ-75 Асықата-Мақталы автомобиль жолына жарықтандыру жұмыстарына қаржы бөлініп жарықшамдар орнатылса, 2024 жылы құрылысы басталған Бәйтерек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны тамыз айында тапсыру жоспарланған.
Округ аумағынан өтетін КХJS-4-Жамбыл-Жазықсай-Әлімбетов аудандық маңызы бар автомобиль жолына 2022 жылдан 2023 жылға өтпелі кезеңмен орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қысқы сор шаю жұмыстары кезінде тасыған су салдарынан орын алған ақаулар мердігер мекеме тарапынан қайта ретке келтірілген.
Одан бөлек, Көктөбе елді мекеніндегі Жауқазын көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Дихан елді мекеніндегі орнатылған жарықшамдарды іске қосу мақсатында техникалық шарт жасалып, «Жетісай қызмет» мекемесінің меншігіне алынған және жарықшамдар үлкен тасжол бойындағы жарықтандыруға қосылған.
Еркін форматта өткен жиыннан соң аудан басшысы жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша аудан басшысы сала мамандары мен бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде тапсырмалар берді.