Жетісай жұрты жаңару мен жасампаздықтың мерекесін атап өтті

фото ЖАӘБҚ
Бүкіл мұсылман халқы үлкен ыждахаттықпен күтіп, қуанышпен қарсы алатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын Жетісай ауданының жұртшылығы салтанатты түрде атап өтті. Қасиетті мерекенің жоғары деңгейде өтуіне барлық бөлімдер мен мекемелер, қала, кент, ауылдық округ әкімдері аянбай атсалысып, жұртшылыққа жылы лебіздерін білдірді.
5000 жылдық тарихы бар Наурыз – парсы тілінде певрардин айының бірінші күні. Яғни, Орта Азия Республикасында наурыз-көктем еңбек мейрамы ретінде 1960-шы жылдың басынан бері тойланса, біздің елімізде 1988-жылдан бастап бүкілхалықтық мереке ретінде аталып өтілуде. Елеу-ескерусіз қалмайтын, заманына сай жаңарып, жаңғырып отыратын келешегі жарқын наурыз тойында түрлі салалар тіккен ақшаңқа киіз үйлерде мерекелік дастархан жайылып, сағына күткен Наурыз көже тартылды.
Салтанатты мерекелік шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаттары, аудан зиялылары, тұрғындар мен қонақтар қатысты.
«Күллі дүниені жасандырып, табиғатқа нәрберіп, адамзат баласына қуаныш ала келетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Бұл мереке – өзге мерекелерден ерекшеленіп, үлкен дайындықпен аталып өтетін, қытымыр қыстан шығып, жылдан-жылға аман-есен жеткен елдің мерекесі.
Ежелгі қазақтың түсінігі бойынша, жаңарудың, жасарудың, молшылық пен бақ-берекенің бәрі көктемнен басталған. Наурыз мерекесін тойлау арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртамыз, санадан сөніп бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық келбетімізбен қайта қауышамыз» деді Серік Үсенұлы өзінің құттықтау сөзінде.
Береке мен бірліктің, достық пен ынтымақтың бастауы болған бұл күнде ауданды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың өкілдері ұлттық мәдениетін, өнерін көпшілікке ұсынса, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы мен аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерімен мереке көркін аша түсті. Ынтымағы ұйысқан құтты мекенді атақонысы санап, ұрпақ өрбітіп отырған әрбір этнос өкілдері бір-бірімен төс қағыстырып, жақсы тілек тілесті.
Жоғары дәрежеде ұйымдастырылған мерекелік жиында қазақтың ежелгі салт-дәстүрлерінен көріністер қойылып, ел ағалары баталарын берісті. 20 тұрғынға баспана кілті табысталды.
Әр мереке-мейрамның өз орыны, сыр-сипаты, мән-маңызы бар. Әз-Наурыз мерекесі де өзінің табиғатқа төл жақындығымен, жаңару мен жақсарудан тұратын жаймашуақтығымен ерек. Бұл күнде аудан тұрғындары тек наурыз көже дайындаумен шектелмей, көңілді жарыс, аламан бәйге, өнер, спорт сайыстарын нақыштайтын ұлттық ойындар ойнады.