1000 грамм салмақтағы нәрестенің жүрегіне күрделі ота жасалды

Шымкент қалалық перинаталды орталығында салмағы небәрі 1 келі, туғанына 45 күн болған нәрестенің жүрегіне күрделі ота сәтті жасалды. 25 аптада дүниеге келген шақалақ 2 наурыз күні орталықтың нәрестелер реанимация бөліміне жеткізілген. Сәбидің салмағы небәрі 655 грамм, бойы 28 сантиметр болған.

Оған туабітті жүрек ақауы яғни, «ашық артериалды өзек» диагнозы қойылып, респираторлық дистресс-синдромы да анықталған. Нәрестенің жағдайы өте ауыр болғандықтан, бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Күрделі диагнозға байланысты перинаталды орталықтың дәрігерлері қаладағы кардиохирург мамандармен бірнеше мәрте кеңес өткізген.

Сәбидің жасы 45 күнге толып, салмағы 1 келіге жеткен кезде дәрігерлер жүрекке операция жасауға шешім қабылдады. Ашық артериалды өзекке жасалған күрделі ота сәтті аяқталды. Күрделі отаны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургы Асан Жұманов пен Шымкент қалалық перинаталды орталығының анестезиолог-реаниматологы Ақжол Абдраимов жасап шықты.

Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы бірқалыпты ауыр. Ол перинаталды орталық бас дәрігерінің неонаталды қызмет бойынша орынбасары Гүлмира Будукова мен неонатолог-реаниматолог Ерасыл Шабетов бастаған неонаталды реанимация бөлімі дәрігерлерінің тұрақты бақылауында. Өз кезегінде, сәбиінің амандығы үшін жан аямай еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне анасы шексіз алғысын білдірді.

Малика Қанжарбекқызы