Әкім мердігердің жұмысына көңілі толмайтынын айтты

фото КАӘБҚ
Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспарлы түрде жалғасуда. Аталған білім ошағының құрылыс барысымен аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып танысты.
Аудан басшысы құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын саралап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Жәнібек Ағыбаев мердігердің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, құрылыс қарқынын күшейту қажеттігін ескертті. Әкім жұмысшы санын арттырып, нысанды мерзімінде және сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.
Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы ауданы – 3,83 гектар, ал ғимараттың жалпы аумағы 8 897,66 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған.
Қазір 90 құрылысшы жылу, жарық, желдету жүйелерімен, ішкі әрлеу және сыртқы спорт алаңдарын абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Нысанды биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.