Алаяқтар абақтыға қамалды

Түркістан облысы Сайрам аудандық соты 141 адамды алдап соғып, ақшасын алды деген айыппен үш тұрғынның әрқайсысын 4 жыл 8 айға түрме жазасын кесті. “Алаяқтық” бабымен кінәлі деп танылған олар үкіммен келіспейтінін айтты. Алаяқтық жасады дегендерге алданғандардың алды 2 миллион, ең азы 340 мың теңге шамасында қаражатынан айрылған.

Дина Тойжанова, судья: “Ш. Ю Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”.

Түркістан облысы Сайрам аудандық соты Ю-пен бірге “бірнеше рет жасалған алаяқтық” бабымен Х.Ш пен И.А кінәлі деп танып, оларды да дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырды. Сотталушылар 141 адамды алдап соғып, ақшасын алды деген күдікке ілінген. Оларға алданғандардың ең көбі 2 миллион теңге, ең азы 340 мың теңге шамасында ақша берген.

Сотталушылар үкіммен келіспейтінін басын шайқап білдірді. Ал олардың туыстары соттың сөзін үнсіз жылап тыңдады. Олар сот шешіміне қатысты қандай да бір пікір білдірмеді.

«Жұмысқа тіркейміз, 50 пайыз айлық алып отырасың, қанша сумма берсең, саған 26 мың берілетін болса 55 мың айлық салып отырамыз, үйде отырып ақша алып отырасың деп каспи редпен шешіп алды».

Сотта жәбірленуші деп танылған 141 адамның бірі сотталушыларға 500 мың теңге беріп, алданғанын айтады. Ол өз каспи қосымшасынан ақша алып отырғанын білмей қалған.

Мархаба Умарова, жәбірленуші: «Менен 500 мың алды. 2 жыл болды, салмады емес салды 3-4 ай 54 мыңнан. Болды одан кейін тоқтап қалды… Талабым ақшамды қайтарып берсе болды. Басқа ешқандай талабым жоқ. Соттың шешімімен келісемін».

Сот дерегінше, жәбірленушілердің дені — жұмыссыз. Сотталушылар оларға кәсіп ашқанын, тендер жеңгенін, жұмысқа орналастыратынын, ақша салса қосымша ақы алатынын айтып сендірген. Алаяқтықты Kaspi банктің Kaspi Pay төлем жүйесімен жасаған.

Сот жарыссөзінде прокурор Ю-ті төрт жарым жылға, қалған екі айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Олар тағылған айыпты ішінара мойындаған. Дегенмен жазамен келіспейтіндер бар.

Сотталушы И.А-тің адвокаты: «Қорғауымдағы адамға өте жоғары жаза берілді деп есептейміз. Себебі оны басында келіп Ю. өзіне жұмысшы ретінде қабылдап, ары қарай 4 процентін алып, жеке кәсіпкерлер тауып ары қарай жеке кәсіпкерлер обналичка етіп беріп отырған бұл жерде обналичка еткен адамдардың біреуі де жауапқа тартылған жоқ”

Сот сотталған үш адамға кешірім бермеген жәбірленушілердің ақшасын қайтаруды міндеттеді. Сотталушылар, жәбірленушілер не прокурор сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейтіні қазірше белгісіз.

Малика Қанжарбекқызы