Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаменті басшысының орынбасары Дәуренбек Қожабаевты аса ірі көлемде пара алды деген айыппен кінәлі деп тауып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Қожабаев үкімге қатысты пікір беруден бас тартты. Ал жәбірленуші үкіммен келіспейді, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған Дәуренбек Қожабаевқа «аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағылған. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Судья оның үкім күшіне енгенге дейінгі әр күнін жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетінін айтты. Сонымен бірге, полковник шешінен айырды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығын шектеді. Ал алды делінген 41 миллион теңге параны мемлекетке қайтару міндеттелді.
Айыпталушы мен оның туыстары өзін фото, видеоға түсіруге қарсы болды. Қожабаев пен оның қорғаушылары үкімге қатысты қандай да бір пікір беруден бас тартты. Жарыссөзде Қожабаев тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, өзін ақтауды сұраған.
Қылмыстық жауаптан босату үшін Қожабаевқа 42 миллион теңге пара берді деген мектеп директоры Ұлсүйер Қаштанова осы істі тергеу кезінде өзіне-өзі қол салып қайтыс болған. Оның туысы сот үкімімен келіспейтінін айтады.
Зүбайра Қаштанова, марқұм директордың әпкесі: «Отчет кезінде алып кеткен. Содан сағат үштерде алып кеткеннен түнгі он бірге дейін антикорда ұстап отырған… Екі машинамен Шығыс шағынауданының ішінен 6-7 жігіт 2 мектептегі мұғалім осы ортада делдал болып солар апарып бұны заставить етіп тағы да доказательство болсын деп 500 мың алдым деп жаздырған. Сонда үйге былай келген ол. Содан кейін 1-2 күннен кейін қайтыс болды. Менің бүкіл өмірлік тәжірибемнің барлығы, жұрт маған күлетін болды ғой сол немен асылып қалды».
Сот жарыссөзінде прокурор соттан Қожабаевты 12 жылға түрмеге жабуды сұраған. Судья Қарабаев үкімді түсіндіру кезінде сотталушының айыбы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Бірақ кәмелет жасқа толмаған қызы барын ескеріп, жазаны жеңілдеткенін атап өтті. Қожабаев 2024 жылы ұсталып, сот оның ісін 2025 жылдың қаңтар айында қарай бастады. Айте кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.