Шымкенттегі Арбат ішінде, нақтырақ айтсақ, Орыс драма театрының дәл жанында әлдебір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Онда не салынады? Бұл заңды ма? Саябақтар мен демалыс орындары мемлекет меншігіне қайтарылған тұста бұл қоғамдық орынның жерін кім, қалай алды? Қала тұрғындарын осы сынды сұрақтар мазалайды. Бұған ресми орындар не дейді? Анықтап көрейік.
Шымкент орталығында орналасқан Арбат ішінде белгісіз құрылыс нысанын салу басталып, маңы қоршалғанына аз уақыт болған жоқ. Демалыс орнына келген тұрғындардың көкейінде мың сұрақ. Бұл не құрылыс? Қоғамдық орынға не салынады? Заңды ма, заңсыз ба? Бастысы саябақтар мен демалыс аймақтары мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан сәтте бұрынғы алаңның жерін кім, қалай алды?
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы дәл осы құрылыс нысаны заң талабына сай келісілген және қатаң бақылауда деп сендіреді. Басқарма мәліметінше, мұнда екі қабатты ғимарат салынуда. Онда дәретхана, жуынатын бөлме және саяхатшыларға арналған полиция пункті болмақ. Оған қоса тегін интернет, гаджеттердің қуаттау орны және ауыз су станцасы жұмыс істейді.
Жарылқасын Машбек, Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл жоба қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған бағдарламаның бір бөлігі. Бас-аяғы 40 заманауи дәретхана сату жоспарланған, қазір үшеуі жұмыс істейді. Мұнда ыңғайлы дәретхана болмақ. Онда балалар мен олардың ата-аналарына, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға да ыңғайластырылған. Жуынатын бөлме, саяхатшыларға арналған полиция пункті, ауыз су станцасы да қарастырылған».
Басқарма бұл жоба жұрттың кәдесіне жарайды дегенімен, қала тұрғындарының бәрі бірдей оны құптамайды.
«Ауыз су стансасын білмеді, бірақ дәретхана керек. Өйткені бұл қалада үлкен проблема. Қоғамдық орындарда дәретханалар болуы қажет».
«Меніңше жоқ, қажеті жоқ. Былай да бәрі жеткілікті. Адамдар демалуы. Балалардың асыр салып ойнауы үшін де кең жер керек».
Құрылыс нысаны 2025 жылдың 1 шілдесінде аяқталады деп жоспарланған. Жауаптылардың сөзінше сол күннен бастап кешен қызметін көпшілік пайдалана алады.